Соңғы кездері медицина қызметкерлеріне күш көрсету жиілеп барады. Дәрігерге қол көтеру ақылға сыймайтын әрекет. Ақхалатты абзал жандарды жұдырық ала жүгіретіндерден қалай қорғаймыз? Сала министрі мұндай сорақылықты тоқтатуды сұрап, көпшілікке үндеу таратты.
Қарағандыда жантүршігерлік жағдай. 42 жастағы ер адам жеке клиникада жұмыс істейтін мейіргерге жұдырық ала жүгірген. Мұнымен тоқтамай, қызметтік есікті бұзып кіріп, оған түрлі дене жарақатын салған.
Жәбірленушінің миы шайқалып, саусағы сынған. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу органдары оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтап жатыр.
Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі:
-Күдікті психоневрологиялық орталыққа жатқызылды. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталуда.
Ал Қостанайда ақхалаттыға жұдырық ала жүгірген науқас дәрігерді комадан бір-ақ шығарды. Оқиға облыстық аурухананың қабылдау бөлімінде болған.
Жойқын соққылардан кейін 34 жастағы уролог Антон Кистановтың миы шайқалып, есінен танып қалған. Ол шұғыл түрде Астанаға санавиациямен жеткізілді. Қазір неврология бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Ержан Әділбеков, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы:
-Оған жабық бас-ми жарақаты, мидың ауыр дәрежелі соғылуы, жарақаттық субдуралдық қан құйылу, шүйде сүйегінің сынуы деген ауыр диагноздар қойылды. Қазір науқас ептеп тәуір боп келеді.
Ресми мәліметке сәйкес, 5 жылда еліміз бойынша 158 медицина қызметкері қызметтік міндетін атқару кезінде әртүрлі дене жарақатын алған. 2019 және 2020 жылдары 5 жағдайдан тіркелсе, 2021 жылы 10, 2022-де 46 жағдай тіркелген. Ал 2023 жылы 80 медицина қызметкері жәбір көрген. Мамандар мұны дабыл қағарлық көрсеткіш деп отыр.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Бұл тек бір дәрігерге жасалған шабуыл емес. Бұл ондаған пациенттің қараусыз қалуы, ондаған операцияның кейінге шегерілуі. Бұл бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы. Шабуыл жасалған қабылдау бөлімдері онсыз да қаупі жоғары аймақтар.
Қазір жедел стационарлар мен перзентханалардың қабылдау бөлімдеріне тәулік бойы күзет қойылып жатыр. Барлық мекемелер бейнебақылау мен дабыл жүйелерімен қамтылады.
Енді медицина қызметкеріне жұдырық ала жүгіретіндерге жаза күшейтілмек. Арнайы заң жобасы биылғы қыркүйекте Парламент қарауына жолданады.
Дана Әлиева, Досбол Байбділдин