Бүгін ми саулығының маңыздылығын еске салатын күн. Дүниежүзілік ми күні. Тек былтырдың өзінде елде 49 мыңға жуық адам инсульт алған. Әр бесіншісі бір айға жетпей қайтыс болады. Сондықтан аурудың алғашқы белгілері мен инсульт жағдайында қалай көмексетуге болатынын біле жүргеніміз дұрыс.
Қарашаш Жақыбаева 65 жаста. Жақында елордада тұратын балаларына Қостанайдан келіпті. Жағдайы күрт нашарлап, инсульт алған. Дәрігерлердің көмегімен беті бері қарады. Бірақ әзірге қозғалуы қиындау.
Қарашаш Жақыбаева, емделуші:
-Таксидің ішіне мінгенде аяғымда біртүрлі толқу болды. Өзімнің аяғымды ұстай алмадым. Балам: «Мама, жедел жәрдем шақыру керек»,– деп. Содан шақырып, маған көмек сол жерде жедел жәрдем ішінде көрсетілді. Қан қысымым 180-190-мен түстім, қазір қан қысымым 120-ға түсті.
Соңғы үш айда Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына ми ауруларымен 280-ге жуық адам түскен. Олардың жартысына жуығы инсульт алыпты. Мамандар кейінгі жылдары аурудың жасарып бара жатқанын айтып, дабыл қағады. Қазір отызға енді толғандар да бұл дертке шалдығып жатыр.
Еркін Дүйсенбаев, Нейрохирургия департаменті директорының М.А.:
-Артериалдық қан қысымының дұрыс емделмеуінен, науқастардың мән бермеуінен. Кейбіреулер 160-190-мен жүремін деп, мақтанатын науқастар да болады. Ол организм уақыт өте келе шаршайды. Сол кезде әлсіз жерінен тамырлар жыртылып немесе жүрек ырғағының бұзылуына байланысты қанның ұйып қалуы себебі инсультке әкеліп соғады.
Инсульттің салдары өте ауыр болуы мүмкін. Шұғыл көмек көрсетілмесе, адам мүгедек болып қалу немесе қайтыс болу қаупі жоғары. Сондықтан медицинада алғашқы 4 сағат алтын уақыт саналады. Осы аралықтағы жәрдем адамның өмірін сақтайды әрі толық қалпына келу мүмкіндігін арттырады.
Ержан Әділбеков, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы:
-Адамның беті қисайып кетсе, қолы жансызданып қалса, сөйлеген сөздері анық болмаса, оны фаст тест дейміз. Ең оңай тест. Содан білу керек.
Бір рет инсульт алған адамда сырқат қайталануы мүмкін. Оның Альцгеймер, деменция сияқты ауруларға шалдығу қаупі де бірнеше есе артады. Сондықтан мамандар ми саулығын сақтау үшін уақытында скринингтен өтіп тұру керегін ескертеді. Ұйқы режимі мен дұрыс тамақтануға мән беру керек. «Тынығу мен күйзелістен аулақ болу да ең қарапайым, бірақ маңызды профилактика»,– дейді.
Дана Әлиева, Мейрамбек Қайыркелді