Алматыда Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығы ашылды

  • 9
  • 16.01.2026, 21:58

Алматыда Мемлекет басшысының тапсырмасымен бой көтерген стратегиялық маңызды нысан – Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығы ашылды. Шараға Үкімет басшысының орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, сондай-ақ қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.

Отандық медицинаның жұқпалы аурулармен күресу, індеттердің алдын алу және төтенше эпидемиологиялық жағдайларда жедел әрекет ету мүмкіндігі арта түсті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бой көтерген ауқымды орталық 350 төсек-орынға есептелген. Мұнда туберкулез дертіне шалдыққан азаматтар диагностикадан өтіп, ем қабылдай алады. Аурухана жылына 2,5 мың науқасты қарауға қауқарлы. Ем-шаралармен қатар, орталықта ғылыми зерттеулер, маман даярлау бағыттары қамтылады. «Мұндай кешенді тәсіл отандық ғылымды дамытуға, емдеудің ең заманауи әдістерін кеңінен қолдануға, медициналық көмектің тиімділігін арттыруға жол ашады», - деді Аида Балаева. 

Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде денсаулық сақтау нысандарымен қатар әлеуметтік инфрақұрылым да қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Кейінгі екі жылда елде 695 жаңа медициналық нысан, 614 мың орынға арналған 419 жаңа мектеп салынды. Бұл 19 апатты мектепті жоюға, 58 мектептегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге және 190 мектептегі оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар 237 спорт нысаны салынды, оның ішінде 69-ы қалаларда, 168-і ауылдық жерлерде орналасқан. 2025 жылы 61 мәдениет нысанының құрылысы аяқталды. Өңірлерде 251 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл өзгерістер ең алдымен, халықтың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік қорғауды нығайтуға бағытталған.

Орталық заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Өкпені жасанды желдету аппараттары, ультрадыбыстық және зертханалық диагностика құрылғылары, гемодиализ және плазмаферез аппараттары бар. Мұның барлығы ең күрделі жағдайларда жедел әрі дәл әрекет етуге мүмкіндік береді. Жансақтау бөліміндегі томография модулі біріктірілген өкпені жасанды жеделдету аппараты өкпені сәулелендірмей тексеруге мүмкіндік береді. Құрылғыны салмағы 500 грамм болатын шала туған нәрестелерден бастап барлық науқастарға қолдануға болады. Қысқа уақытта бой көтерген орталық балалар мен жүкті әйелдерге де медициналық көмек көрсеге мүмкіндік бар.

Инфекциялық аурулар ұлттық ғылыми орталығы – диагностика мен емдеуден бастап, инфекциялық және паразиттік ауруларға, оның ішінде дәріге төзімді туберкулез түрлеріне қатысты күрделі зертханалық зерттеулер жүргізе алатын толыққанды мекеме. Орталық инфекциялық қауіп-қатерге ұлттық деңгейде мән беретін, ғылыми жаңалықтар мен инфекциялық аурулармен жұмыс істейтін мамандарды кәсіби даярлайтын базаға айналмақ.

Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев