Павлодар облысында шамамен 600 отбасы ЭКО кезегінде тұр. Биыл өңірге 250 квота бөлініп, 110 жұп осы мүмкіндікті пайдаланып үлгерген.
Қазақстанда 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бедеулік диагнозы қойылған отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, экстракорпоральды ұрықтандыруға (ЭКО) тегін квота беріледі. Соның арқасында мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие болды.
Айым Әкімбекова өзін әлемдегі ең бақытты ана деп санайды. Ол отбасын құрғаннан кейін бірден сәби сүйеміз деген үміттері орындалмағанын айтады. Алғашқы перзентін күтіп, ем-дом қабылдап жүргенде төрт жылдың қалай өтіп кеткенін де байқамай қалған. Ақыры мамандардың кеңесімен «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысуға шешім қабылдайды. Нәтижесінде тұңғыштары егіз болып, олардың қуанышы еселене түскен.
Айым Әкімбекова, Павлодар қаласының тұрғыны:
- 2023 жылы маған бір эмбрион салынған болатын. Екінші ультрадыбыстық зерттеуге барғанымда дәрігер тексеру жүргізіп, біраз уақыт үнсіз қалды. Жүрек соғысын тыңдау керек еді. Мен не болғанын түсінбей, қатты уайымдадым. Содан кейін дәрігер бір эмбрионның екіге бөлінгенін және біз егіз бала күтіп жүргенімізді айтты. Қазір мен Амели және Айсафи есімді екі әдемі қыздың анасымын. Мемлекетімізге осындай мүмкіндік бергені үшін алғысым шексіз.
Мамандардың айтуынша, ЭКО жасау үшін мемлекеттік квотаға жүгінетін отбасылар саны артып келеді. Көбіне бұл процедураға 30–35 жас аралығындағы әйелдер келеді. Бедеулік диагнозы расталған жағдайда дәрігерлер уақытты созбай, дереу мамандарға қаралуға кеңес береді
Алма Каптина, облыстық денсаулықты сақтау және отбасын жоспарлау орталығының репродуктологы:
- Бұл мемлекеттік бағдарлама болғандықтан, отбасылар МӘМС аясында дәрігер қызметін тегін пайдалана алады. Ол үшін медициналық сақтандыруы болуы қажет. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, жолдама алу керек. Қабылдау кезінде мен пациенттерге үнемі бедеулік – үкім емес екенін айтып отырамын. Қазіргі заманғы репродуктологияның мүмкіндіктері кең, соның арқасында көптеген отбасылар көптен күткен сәбиін сүйіп, бақытты өмір сүруде.
Павлодар облысына былтыр 266 квота берілген. Биыл бөлінген 250 квота игеріліп жатыр. Қазірдің өзінде 110 жұп осы мүмкіндікті пайдаланып үлгерген. Ал шамамен 600 отбасылық жұп кезекте тұр. Болашақ ата-аналар қосымша көмекті облыстық перинаталдық орталықтан ала алады. Мұнда репродуктолог, андролог және эндокринолог дәрігерлер тегін қабылдайды.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков