Ақтауда жедел медициналық жәрдем бригадалары бейнежетон қолданады. Шақыртумен науқасқа барған дәрігерге алмағайып қауіп төнсе, бейне әрі дыбыс жазу құрылғысы арқылы полицияға дереу хабарлама жіберіледі. Жалпы мұндай цифрлық жоба қазір қай өңірлерде қолданыста бар? Денсаулық сақтау министрлігінің бұл бағытта жұмыс жоспары қандай?
Облыстық жедел жәрдем станциясына Ақшұқыр ауылынан шақырту келіп түсті. Кезекші бригада әдеттегідей диспетчерлік бөлім сілтеген мекенжайға шұғыл аттанды. Бұл жолғы ерекшелік – фельдшерлердің күртесіне бейнежетон ілінген. Науқасқа дәрігерлік көмек көрсетілмес бұрын бейне және дыбыс жазылатыны міндетті түрде ескертіледі.
Айдос Құдайбергенов, облыстық Шұғыл және жедел медициналық жәрдем станциясының фельдшері:
– Кейбір науқастар өздерінің түсірілгенін немесе бейнежазбада түрлерінің көрсетілгенін қаламайды. Алайда бұл жерде түсірілген бейнематериалдар ешқайда жарияланбайтынын және ешкімге көрсетілмейтінін түсіндіреміз. Ең алдымен, науқастың рұқсатын аламыз. Егер науқас бейнетүсірілімге қарсы болса, бейнежазбаны тоқтатамыз. Дегенмен, бұл жерде аудиожазба жүргізіледі және аудиожазба ешқашан тоқтатылмайды.
Ақтауда орталық жедел жәрдем станциясы биыл ақпанда ашылды. Жоба құрылысына қайтарылған активтер қаражаты жұмсалды. Облыс бойынша шақыртуларды осы станция қызметкерлері қабылдайды. Үшқабатты нысан озық үлгідегі медициналық құралдармен және автопаркпен жабдықталған.
Берік Абдуллаев, облыстық Шұғыл және жедел медициналық жәрдем станциясы директорының орынбасары:
– Тәулігіне мыңға жуық шақырту түседі. Ал Ақтау қаласы бойынша орта есеппен 400–500 шақырту тіркеледі. Бейнежетондардың көмегімен әр фельдшердің оқиға орнында қандай медициналық көмек көрсеткенін, клиникалық хаттамаларда белгіленген алгоритмдердің қаншалықты сақталғанын толықтай бақылауға мүмкіндік бар. Жазбаларды қарап, талдау жүргізу арқылы көрсетілген медициналық көмектің сапасын сараптай аламыз.
Жуырда Ақтауда көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде болған оқыс оқиға көпке мәлім. Баланың әкесі сол күні кезекшілік атқарған хирургтің жағасынан алып, шабуыл жасаған сәті бейнекамераға түсіп қалды.
Еске сала кетсек, Президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес биыл сәуірден бастап елде дәрігерлерге шабуыл жасағандарға қатысты жаза күшейді. «Осы тұрғыдан ақхалатты мамандардың бейнежетон қолдануы барлық тараптың заңды мүддесін қорғауға бағытталған», – дейді мамандар.
Бауыржан Мелдебай, ҚР ДСМ Цифрландыру департаментінің басқарма басшысы:
– Қазақстанның 10 өңірінде бейнежетондармен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуді бітірдік. Ол біздегі Батыс Қазақстан, Маңғыстау облысы, Қызылорда, Шымкент, Жамбыл өңірі, Алматы қаласында, Жетісу облысында және Қостанай мен Астанада толықтай бітті. Шамамен 1800-ге жуық бейнежетонмен қамтамасыз етіп қойдық.
Талғат Исламұлы, тілші:
– Денсаулық сақтау министрлігі қалған 7 аймақтағы жедел жәрдем қызметін бейнежетонмен қамтамасыз ету жұмыстарын жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлаған. Жалпы есеппен алғанда, елімізде 2 мыңнан астам жедел жәрдем бригадасы мен 4 мыңға жуық медицина қызметкері бейнежетонмен қамтылуы тиіс.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев