Су тәуекелдерін басқару штабтары құрылады

  • 42
  • 20.06.2025, 18:31

Ел өңірлерінде вегетациялық кезеңде су тәуекелдерін басқару жөніндегі штабтар құрылады. Премьер-министр Олжас Бектенов егіс алқаптарын суару кезеңіне арналған кеңесте осындай тапсырма берді. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу, тіршілік нәрін заңсыз пайдаланушылармен күрес шараларын күшейту жоспарланған.

Су ресурстары және ирригация министрлігіне көршілес елдермен трансшекаралық өзендер бойынша ынтымақтастықты нығайту және Шу, Талас, Сырдария өзендеріндегі суды әділ бөлу жүктелді. Бүгінге «Қазсушар» шаруаларды сумен қамтамасыз етеді. Ол үшін 22 мыңнан астам келісімшарт жасалған.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Жалпы республика бойынша 12 млрд текше метр су жинау жоспарланған. Оның 97%-ы 1,2 млн гектар ауыл шаруашылық алқабын суару үшін оңтүстік өңірлерге қажет. Соның ішінде «Қазсушардың» биылғы алдын ала жоспарына сай суару мақсатына арналған 8,8 млрд текше метр судың 3,9 млрд текше метрі жиналды.