Биыл ақпан айы еліміздің басым бөлігінде әдеттегіден жылырақ болады. Қазгидромет синоптиктерінің сөзінше, ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғарылайды. Соған қарамастан, елдің солтүстігі, батысы мен орталық өңірлерінде түнгі уақытта ауа температурасы 20-30 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін. Күндіз 10-20 градус аяз байқалады. Оңтүстік өңірлерде ауа райы салыстырмалы түрде жұмсақ болады. Сынап бағанасы түнде 5 градус аязға дейін төмендесе, күндіз температура +3 градустан +17 градусқа дейін көтеріледі. Жауын-шашын солтүстік аймақтарда негізінен қар түрінде түседі. Ал оңтүстік пен оңтүстік-батыста жаңбыр мен дымқыл қар жаууы мүмкін. Сондай-ақ тұман, көктайғақ, желдің күшеюі, ал солтүстікте боран күтіледі.