Жезқазғанда 21 гектар аумаққа 8 мың түп ағаш егіледі. Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, шаң мен желдің әсерін азайту, яғни «жасыл белдеу» құру жобасы «Таза Қазақстан» акциясы аясында қолға алынды. Көгалдандыру жұмыстары өңірдегі ірі компаниялар мен кәсіпорындардың қолдауымен жүзеге аспақ.
Жасыл белдеуге қараағаш, терек секілді өңір климатына бейім ағаштардың онға тарта түрі егіледі. Олардың қатарында күтімді аса қажет етпейтін жеміс талдары да бар. Мамандар қазір жерді өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Әділ Темоханов, Мәдени және демалыс парктерін басқару мекемесі басшысының міндетін атқарушы:
- 15 гектары Жезқазған-Сәтбаев трассасында орналасқан. 6 гектары батыс тұрғын ауданында. Қазіргі таңда жер өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жер өңдеу жұмыстарын бастамас бұрын агрохимиялық анализ жүргізіліп, оң нәтиже берді. Бұл талдарды күтіп ұстау және суару Жезқазған қаласының мәдени және демалыс парктерін басқару мекемесіне қарасты болады.