Хабар телеарнасы

Дарио Лигути: Қазақстан АЭС үшін негізгі отын болып есептелетін уранға өте бай

Қазақстанның біртіндеп баламалы энергия көздеріне көшуі байыпты да салмақты қадам. Елімізде баламалы қуат көздері арқылы алынатын энергияның үлесін арттыруға да барлық жағдай жасалған. Еуропалық экономикалық комиссиясының тұрақты энергетика жөніндегі директоры Дарио Лигути телеарнамызға берген сұхбатында осылай деді.

Қазақстан 2030 жылға қарай жасыл энергияның үлесін 15%-ға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бірақ осы уақытқа дейін бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізуге болады. Жер аумағы бойынша әлемдегі ірі мемлекеттердің бірі саналатын Қазақстанның жер мен күннен энергия алу жағынан әлеуеті өте зор, - дейді Еуропалық экономикалық комиссиясының Тұрақты энергетика жөніндегі директоры Дарио Лигути.

Дарио Лигути, БҰҰ-ның ЕЭК Тұрақты энергетика бөлімінің басшысы:

- Бұл өте маңызды қадам. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның энергетикалық секторы бүгінде көмірге тәуелді. Ал ол ауаны қатты ластайды. Сондықтан Қазақстанның көміртегі бейтараптығы тұрғысынан алдына қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін энергия өндірудің негізгі көзі ретінде бұл отыннан бас тартуы өте маңызды.

Таза энергия алудың тағы бір жолы – қуатты АЭС арқылы өндіру. Бұл мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін де қамтамасыз ете алады.

Дарио Лигути, БҰҰ-ның ЕЭК Тұрақты энергетика бөлімінің басшысы:

- Қазақстан АЭС үшін негізгі отын болып есептелетін уранға өте бай. Елде осы салаға қажетті мамандар да жеткілікті. Сондықтан АЭС салу туралы шешім бүгінгі жағдайдың логикалық түйіні дер едім.

Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдум 6 қазанда өтеді. Ал оның қорытындысы бір апта ішінде жарияланады.

Дарио Лигути, БҰҰ-ның ЕЭК Тұрақты энергетика бөлімінің басшысы:

- Референдум өткізу тек техникалық шешім емес. Бұл саяси шешім. Әлеуметтік шешім. «Фукусима» атом электр станциясындағы апаттан кейін бірқатар ел атом энергиясынан бас тартқан еді. Дегенмен кейінгі уақытта көптеген мемлекеттің атом энергиясына деген қызығушылығы арта бастағанын көріп отырмыз.

Климаттың өзгеруінен әлем елдері бірінен соң бірі көміртек энергетикасынан бас тартып жатыр. Немесе бұл процесті әртараптандыруға көшкен. «Қазақстанның АЭС салу жоспары осының бір үлгісі», - дейді сарапшы. 

Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов