Хабар телеарнасы

Қазақстанда АЭС салуға халықаралық ұйымдар көмектеседі

Қазақстан атом электр стансасын салуға кіріссе, бұл істе жалғыз болмайды. Энергетика саласындағы халықаралық ұйымдар қол ұшын созады. Мұны атом энергиясы жөніндегі америкалық сарапшы Элина Теплински мәлімдеді. Айтуынша, атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік, Біріккен Ұлттар ұйымы, Атом энергиясы операторларының әлемдік қауымдастығы, барлығы бір кісідей атсалысады. Себебі бейбіт атомды пайдаланушы елдер мен компаниялардың барлығы әлемдегі атомдық экожүйенің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне барынша мүдделі. Элина Теплинскидің айтуынша техногенді апаттардың алдын алу мақсатында үш сатылы сақтандыру жүйесін енгізуден бастап, жобаны қаржыландыру, стансаны іске қосуға дейінгі барлық кезеңде Қазақстан халықаралық қауымдастықтың көмегіне толық арқа сүйе алады. Сарапшы атом электр стансасының табиғи апат кезіндегі қауіпсіздігі қаншалықты деген журналист сұрағына да жауап берді. 

Элина Теплински, атом энергиясы жөніндегі сарапшы:
-Қазіргі таңда пайдаланылатын немесе салынып жатқан реакторлар 3-ші технолгиялық буынға жатады. Ол станция орналасқан аумақта табиғи апат болғанның өзінде автоматты өшіру арқылы реактордың бүлінуіне жол бермейді. Қазақстанның тізіміндегі компаниялардың барлығы осы 3-ші буынды технологияны қолданады. Бұл реакторлар қауіпсіз, ал атом стансасын кім нақты салу керектігін Қазақстан әрине өзі таңдайды. Таңдау елдің қаржылық моделімен ұштасатын тиімді экономикалық негіздеме мен келісімшарт ұсынған компанияға түседі деп ойлаймын.