Қазақстан полиэтилен қаптамадан бас тартуға дайын емес – министрлік
Әзірге Қазақстан полиэтилен қаптама мен дорбадан түбегейлі бас тартуға дайын емес. Еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссия аясында ғылыми-зерттеу жүргізіп, осындай қорытындыға келген.
Еске сала кетейік, бұл бастама 2019 жылы көтерілген еді. Жоспар бойынша 2025 жылдан бастап елімізде полиэтиленнен жасалған бұйымдарға тыйым салынуы тиіс еді. Оның уақытында жүзеге асуына не кедергі?
Полиэтиленге түбегейлі қарсы жанның бірі алматылық Меруерт Салықова. Ол қайда барса да өзімен матадан тігілген сөмкесін алып жүреді. Кейбірін өзі тігіп алған. Дүкеннен алған затын соған салып алады. Целлофан қаптамасы бар азық-түлікті алмауға тырысады. Полиэтилен дорба мен бір реттік қолданылатын пластик ыдыстарды мүлдем алмайды. Оның айтуынша, биоыдырағыш экопакеттер де мәселені шешпейді. Одан да табиғатқа зиян келеді.
Меруерт Салықова, экобелсенді:
- Пластикалық болсын, қағаз пакет болсын. Биоразлагаемый деп жатамыз, крахмалдан жасалған пакет болсын. Олардың барлығы бір рет қолданылатын болғандықтан олар планетаның ресурсын алып, бір рет қолданамыз да полигонға жібереміз мусорға. Ол полигондар күн сайын өсіп жатыр. Көлемі көбейіп жатыр.
Дарья Сагиева да өзінің сөмкесімен жүреді. Ол бірнеше жылдан бері полиэтилен заттарды тұтынбайды. Шамамен бір адамның қанша целлофан дорба қолданатынын есептеп көрген. Есебінен өзі шошыған. Жылына әрбір отбасы 3 мыңға жуық пакетті үйіне алып келеді,- дейді.
Дарья Сагиева, экобелсенді:
- Міне, мына дүкенннің өзі күніне осының үш-төртеуін бітіреді. Оның бәрін зат сатып алған адамдар үйіне алып кетеді. Соның біраз ғана проценті өңдеуге кететін шығар. Бұл далада жылдап шірімей жата береді. Бұлай болмас үшін әрбір адам ақырындап өзін экологиялық мәдениетке үйрету керек. Алдымен пакетті қайта-қайта ала бермей, бұрынғыны пайдаланған жөн. Одан кейін оны қайта өңдеуге апарыңыз. Содан кейін барып көп рет қолданылатын мата сөмке ұстауға көшіңіз.
Полиэтиленнен түбегейлі бас тартуға қаншалықты дайынбыз? Оны Экология және табиғи ресурстар министрлігі өздерінше зерттеп көрген. 2025 жылы емес, 2030 жылға қарай кезең-кезеңімен көшкеніміз дұрыс. Әйтпесе бірден тыйым салу экономиканың басқа секторына кері әсер етуі мүмкін,- деген пікірде.
Назгүл Әлімсурина, ҚР ЭТР министрлігінің бас сарапшысы:
- Шығаруға тыйым саламыз деп Қазақстанның басқа да экономика салаларына шектеу қойып алмауымыз мүмкін. Қазіргі таңда мұнай-химия саласы жақсы даму үстінде. Себебі политэтилен пакет болсын, пластик болсын біз білуіміз керек. Ол полимерлі өнімдердің құрамына жатады. Яғни біз полимерлі өнімдерді шығару кезінде осы салада жұмыс істейтін зауыттардың жұмысы бар соны шектеп, жасап алмауымыз қажет.
Жылына елімізде шамамен 430 млн дана полиэтилен дорба мен бір рет қолданылатын ыдыс қоқысқа шығады. Соның 10 млн-ы ғана биоыдырағыш. 2019 жылдан «Атамекен» ҰКП мен министрлік арасында полиэтилен дорбаны еркін сатудан бас тартып, оның орнына қоршаған орта үшін қауіпсіз балама қаптамаларға көшу туралы меморандум бар. Ол бойынша сауда желілерінде көлемі үлкен пакет тегін таратылмайды, бірақ сатылады.
Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев