БҚО-да қалдықты қайта өңдеу ісі кенжелеп тұр
Батыс Қазақстан облысында жыл сайын 130 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар жиналса, соның 22% ғана өңделеді. Ал қалғаны өртеледі, көміледі, бір сөзбен айтқанда ешкімге керексіз боп, кәдеге аспай қалады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өңірде корей инвесторларымен бірге қоқыс өңдеу зауытын салу көзделген. Сондай-ақ жуырда Орал қаласында қалдықтарды халықтан сатып алатын экопункттер бастап ашылды.
Оралдың орталығындағы мына экопункт макулатура мен пластик құтыларды, қолданылған күнбағыс майын, қалайы-темір-алюминий бұйымдарды сатып алады. Ашылғанына бір апта болыпты. Күніне қажетсіз қалдықтарды арқалап, 20 шақты адам келсе, басым көпшілігі - балалар. 7 жастағы София Кузнецова үйдегі қағаздарды әкеліп тапсырыпты.
София Кузнецова, 2-сынып оқушысы:
-Үйдегі қағаздарды лақтырмай жинап, осында алып келдім. Енді әр апта сайын қалдықтарды осында әкелетін болдық. Бізде пластик бөтелкелер мен картон көп. Берген ақшаны жинап, тәттілер сатып аламын.
Ахмедияр Күнбаев, қалдық қабылдау пунктінің қызметкері:
-Жұмысы жақсы жүріп жатыр. Негізінен жас балалар, оқушы балалар келеді. Сосын зейнеттегі үлкен кісілер келеді. Картон-қағаз 10 теңгеден келісі, «подсолнуха отработанный» 60 теңгеден литрі, пластик 50 теңгеден, металл, алюминий банкілер, энергетика банкілер келісі 50 теңгеден.
Дегенмен бұл қалдықтардың бәрі бірдей кәдеге аспайды. Күнбағыс майы мен макулатурадан басқасы облыста өңделмейтіндіктен, қоймаларда жиналады. Өзге өңірге, не Ресейге апарылады. «Тасымал шығыны зор болғандықтан, тұрғындардан қабылдау бағасы да төмен», - дейді мамандар.
Рафхат Данағұлов, коммуналдық мекеме басшысы:
-Қазір халық тапсырып жатыр, көріп жатырсыз. Бірақ жинап жатқан нәрселердің жартысын біздер қайда жіберерімізді білмейміз. Мысалы, батарея қабылдайтын өңдеушілер жоқ. Қазақстан бойынша пластикті де жергілікті өңдеушілер жоқ. Ресейге жіберуге тура келіп отыр. Қағаз-картон кәдеге жарататын бір жергілікті өңдеуші бар. Ол кісі қағаз аламыз дейді, бірақ картон алмайыз дейді.
Облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату жағы кенже қалғаны жасырын емес. Жылына 130 мың тонна қалдық шығарылса, соның 22% ғана қайта өңделеді. 10 мың тонна пластмассаны қабылдайтын және көлік шинасынан резеңке төсеніштер шығаратын екі зауыттан басқа ірі кәсіпорындар да жоқтың қасы. «Осы олқылықтың орнын толтыру келер күндердің еншісінде», - дейді экологтар.
Фариза Сұлташева, БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
- Осы мәселені шешу үшін жергілікті кәсіпкерлерге биылғы Үкімет тарапынан жарияланған 3 пайыздық 5 жылға дейін несие беруді ұсындық. Алайда осы бағдарлама бойынша «Жасыл дамудың» талаптарының қатаңдығы, құжаттарды жинаудың қиындығы немесе бастапқы жарна 20 пайызды салу талаптары бойынша бұл кәсіпорындар бас тартты.
Дегенмен қалдықтарды қайта өңдеудегі түйінді мәселелер келешекте шешімін таппақ. Биыл қоқысты сұрыптап, кәдеге жарататын зауыт салу жөніндегі Оңтүстік Кореялық инвесторлардың жобасы облыста мақұлданып, қазір жер телімі де беріліпті.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов