Хабар телеарнасы

Жетісу облысында «Мектеп орманшылығы» жобасы жүзеге асып жатыр

Жетісу облысында орман қорын молайту жұмыстарына мектеп оқушылары жұмылдырылып жатыр.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы игі шара Кербұлақ ауданының Басши ауылында өтті. «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымы ұйымдастырған шарада жеткіншектер шаған ағашының 200 тұқымын септі. Алдағы уақытта олар алма және қараған ағашының тағы төрт жүз дәнін отырғызады.

Тәжірибелік сабақта оқушыларға ағаш тұқымының қалай алынатыны және қандай күтім көрсету керектігі түсіндірілді. Саябақ қызметкерлері ауылдық округтегі үш мектептің басшылығымен бірге «Мектеп орманшылығы» жобасын жүзеге асырмақ.

Ақерке Әлімбайқызы, 11-сынып оқушысы:

- Енді оны өскенге дейін күтіп баптаймыз. Өскеннен кейін оны сыртқа шығып, оны егетін боламыз. Сол арқылы біз өз ауылымыздың табиғатын көркейтеміз, экологиясын тазартамыз.

Адай Омархан, «Алтын-Емел» МҰТП бөлім басшысы:

- Қазіргі уақытта «Таза Қазақстан» акциясының жоспарын бекіттік. Ол жерде 16 іс-шара жоспарланған. Конференция тренинг, қоқыс тазалау, су айдындарын тазалау, құстар күні, жер күні деген сияқты. Бір жылда нәтижелі жұмыс істейміз деп ойлаймын.