Қытай кәсіпкерлері Семейдегі жаңа ауданға инвестиция салады

  • 41
  • 20.05.2025, 18:40

Қытай кәсіпкерлері Семейдегі жаңа «Смарт сити» ауданының құрылысына инвестиция салады. Бұл жөнінде Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданында өтіп жатқан «Үлкен Алтай» субөңірлік конференциясында келісім жасалды. Көрші елдің инвесторлары Абай облысында тұрғын үй, жаңа мемлекеттік мекемелер, туризм нысандары және инфрақұрылым құрылысына қатысуға ниетті.

Іс-шара Қытайдың Алтай қаласында өтіп жатыр. Оған 4 мемлекеттің Алтай өлкесіне кіретін аймақтары жиналды. Қазақстаннан Абай, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстары қатысуда. Конференцияның алғашқы күні делегаттар Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданы партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті.

Ма Синжуй, ШҰАА партия комитетінің хатшысы:

- Бізде Қазақстан тауарларына сұраныс жоғары. Әсіресе ауылшаруашылығы өнімдері қызықтырады. Бидай, жүгері, қой, сиыр еті экологиялық таза.

Кездесуде Қытаймен шекаралас жатқан өңірлердің географиялық және экономикалық мүмкіндіктер таныстырылды. Өзара қарым-қатынасты одан әрі арттырып, тиімді жобаларды жүзеге асыру механизмін жүйелеуге уағдаласты. Бірінші болып сөз алған Берік Уәли Абай облысының инвестициялық тартымды тұстарын атап Қытай, Ресей, Орталық Азияны жалғайтын көлік-логистикалық хаб ретінде даму перспективаларын айтты. Бұдан кейін делегаттар қытайлық инвесторлармен кездесті. Оған өндіріс, құрылыс, туризм және энергетика салаларында жұмыс істейтін қытайлық компаниялар қатысты.

Айбек Рахымбеков, Абай облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Біз жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын 16 келісімге қол қойдық. Инвесторлар алғашқы құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың шілде айынан бастаймыз деп отыр. Олар облыс орталығынан қонақ үй салмақшы. Сондай-ақ «Смарт сити» жаңа ауданынан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына инвестиция салуды көздеп отыр. Бұдан да басқа өз жобаларын ұсынып отыр.

Қытайлық бірнеше компания Семейдегі жаңа «Смарт сити» ауданына инвестиция салатын болды. Олар 75 мың тұрғынға арналған жаңа ықшам ауданның құрылысына қатысады. Облыс орталығына қажетті 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық, әлеуметтік нысандар мен саябақтардың құрылысы жуырда басталады. Субөңірлік конференцияның негізгі бөлімі ертең өтеді. Онда тараптар инвестиция тарту амалын жасайды. Сауда-саттық, трансшекаралық туризм саласын дамыту жайын талқылайды.

Руслан Бақытбекұлы