Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда автомобиль жасау ісін меңгеріп жатыр

  • 33
  • 20.05.2025, 18:48

Оңтүстік Кореяда Қостанайдағы автокомпоненттер кластері үшін мамандар даярлаудың үшінші кезеңі өтіп жатыр. Қазір Пусан қаласындағы Дон Ый университетінде Қостанай өңірлік университетінің бес студенті білім алуда. Олар корей тілін және автомобиль жасау ісін меңгеруде.

Екі жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға 2023 жылы қол қойылған. Алғашқы екі легтің қатысушылары қазірдің өзінде Қостанайдағы автокластер нысандарында жұмыс істеп жүр. Биыл күзде мұнда кореялық автоөндірушінің зауытын ашу жоспарланған. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 70 мың автокөлік.

Ли Им Гон, Дон Ый университетінің проректоры:

- Қазір біз автомобиль инженериясы бойынша қос диплом бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Біз болашақтың көшбасшысына айналуы тиіс Қазақстанның әлеуетіне сенеміз және елдің автомобиль өнеркәсібін алға бастайтын жаңа таланттар буынын даярлай аламыз деп ойлаймыз.