Биыл Ақтау порты арқылы Каспий маңы мемлекеттеріне 6 млн тоннадай жүк жөнелту жоспарланған. Су айлағының өткізу қабілетінің артуына соңғы жылдары қолға алынған теңіз инфрақұрылымын дамыту жобалары сеп болды. Бірлескен ауқымды жобалар Каспий айдыны арқылы өтетін жүк тасымалын ұлғайтып, Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша транзиттік әлеуетін арттыруды көздейді.
Қазақстанның басты теңіз қақпасы жылына 11 млн 800 мың тоннаға дейін әртүрлі жүктерді қабылдап, жөнелте алады. Ақтау портына негізінен Әзербайжанның астанасы Баку қаласынан кеме жиі келеді. Бұған дейін бауырлас қос мемлекет арасында жүк таситын 7 су көлігі тұрақты қатынаса, биыл тамызда тағы 3 кеме қосылды. Өз кезегінде отандық экспорттың әрі Қытайдан еліміз арқылы шетелге шығатын транзит тасымалының да көлемі артты.
Ғалым Айтжанов, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
- 2028 жылға дейін Қазақстан жағынан 20 кемеге дейін жеткізуге жұмыстанып жатырмыз. Соның 6-уы жаңадан құрастырылған кеме болады. Өткен жылы 4 млн 909 мың тонна жүк жөнелтілді, енді биылғы жоспар бойынша 5 млн 909 мың тонна жүк жөнелтуіміз керек. Соның ішінде ТМТМ басым бағыты бойынша жүріп жатқан контейнерлік жүк жөнелту. Оның былтырғы жылы тиегеніміз 63 мың ЖФЭ контейнер болды. Бүгінгі таңда 93 мың контейнерді тиеуге бізде бүгінгі таңда мүмкіндік бар.
Құрық портынан жылына 7 млн тонна жүк өтеді
Ал Құрық порты жылына 7 млн тоннаға дейін әртүрлі жүктерді ауыстырып, тиеуге қауқарлы. Соның 6 млн тоннасы паром кешені арқылы өтеді. Қалған 1 млн тоннасы - бидай, басқа да дәнді дақылдар. Олар астық терминалында өңделіп, кемеге тиеледі. Теңіз арқылы Бакуге, одан әрі Түркия, Еуропа елдеріне жөнелтіліп жатыр.
Еркін Нығметов, «Құрық порты» ЖШС бас директоры:
- Порттың қабілетін арттыруға арналған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жобалардың ішіндегі ең маңыздысы - цифрландыру. Бұл жұмыстарды осы үшінші тоқсанда аяқтағалы жатырмыз. Бұрын мысалы, кеме келген кезде 2-3 сағатта жасалатын жұмысты қазір 30-40 минутта жасауға қабілетіміз бар. Одан бөлек, Каспий теңізі деңгейінің түсуіне байланысты жобаларымыз да бар. Бұл жұмыстарды бітірдік биыл, екі айлағымызды жаңғыртудан өткіздік. Мысалы, бұрын 18 сағатта кемелер тиелетін болса, ендігі кезекте кемелер 12 сағатта жіберілетін болды.
Ақтау портында 2 айлақ салынады
Құрық порты 2028 жылға дейін соңғы үлгідегі 5 пароммен толығады. Осылайша су айлағының өткізу қабілетін біршама арттыру көзделген. Соңғы жылдары Каспий теңізінің күрт тартылуына орай Ақтау портында да айлақтардың түбін тереңдету қолға алынды. Жоспарға сәйкес, теңіз жағалауынан 1 млн 300 мың текше метр топырақ қазылып, жаңадан салынатын 2 айлақтың құрылысына қолданылады.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев