Жарамсыз қағаз ақша мен монетаны бүтін банкнотқа ауыстырып алуға болады
Ол үшін Ұлттық банкке хабарласса жеткілікті. Айырбастау үшін қосымша ақы талап етілмейді. Ұлттық банк жыл басынан бері 1700 данадан астам жарамсыз банкнот пен монеталарды сараптамаға қабылдап, оның 972-сін жаңалаған. Десе де: «Жарамсыз ақшаны айырбастаудың өз тәртібі бар», – дейді мамандар.
Жарамсыз күйге түскен қаржыны Ұлттық банктің барлық филиалы ауыстырып береді. Тек бүлінген ақша қазақстандық валюта болуы шарт. Банк бөлімшелері ең алдымен банкноттың төлем қабілеттілігі мен шынайылығын тексеру үшін оны арнайы сараптамадан өткізеді. Шынайы деп танылған банкноттар ғана айырбастауға жатады.
Асхат Әбішев, ҚҰБ Банкноттар мен монеталарға сараптама жасау басқармасының басшысы:
- Бізде эксперттік құрал бар. Шын әлде жалған ақша ма деп соған саламыз, көреміз. Өйткені қорғаныш элементтері жанған ақшада да көрініп тұрады. Бізде таңбалардың да түр-түрі бар. Нақты ақшада соның бәрі көрініп тұрады, ал жалған ақшада ондай жоқ. Жалған ақша жанса, күл болып қалады.
Тағы бір ескере кететін жайт, бүлінген қаражатыңыздың құнын толығымен қалпына келтіру үшін, жыртылған, өртенген банкноттардың кем дегенде 50% сау күйінде сақталып қалуы керек.
2019 жылы Ұлттық банк 3900-ден астам күмәнді банкнот пен монеталарды сараптамаға қабылдап, оның ішінде 3188-ін жарамды ақшаға айырбастаған. Ал 2020 жылдың басынан бері 1727 банкнот келіп түссе, оның 972-сі жаңартылып, иесіне қайтарылды. Өткен жылмен салыстырғанда күмәнді банкноттар мен монеталардың саны екі есеге азайғанын байқауға болады.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Әлібек Әлиев