«Даму» қоры аясында 4 мыңнан астам кәсіпкер кепілдік несиеге қол жеткізді
Мәселен, мұнайлы өңірдің 2025 жылға дейінгі даму бағдарламасы негізінде 3.5 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысы мен 50-ден әлеуметтік нысан пайдалануға берілмек. Мемлекет қолдауына сүйенген кәсіпорын құрылыс материалдарының нарыққа қажет жаңа түрлерін шығаруды қолға алды. Олар – тірек-қадалар, құрғақ құрылыс қоспасы, пластикалық терезелер, бетон. Мұнда 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бағасы қолжетімді, сапасы жоғары тауарға сұраныс көп.
Бауыржан Мырзағалиев, құрылыс кешенінің директоры:
- Салынған құрылысқа кепілдік береміз. Себебі барлық өнім өзімізден шығарылады. Мемлекеттен үлкен көмек алып, қазір өндірісті өрлетіп, алға қарай жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.
Арматура, пластика секілді көптеген шикізатты сырттан таситын компанияның шығыны да жеткілікті. Былтыр кешен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 500 млн теңге несие алған еді. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын ашып, ауқымды тапсырыс алды.
Есенжан Мұсағалиев, «Даму» КДҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:
- Оның 250 миллионына «Даму» қорының кепілдігі берілді. I тоқсанда 282 кәсіпкерге 12 млрд теңге сомасында несие бойынша көмек көрсетілді. Кепілдік бағытына келетін болсақ, 404 кәсіпкерге 3.7 млрд сомасын құрайтын қордың кепілдігі беріліп отыр.
Ал Шымкенттік іскер «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген пайызбен қаржы алып, медициналық өнімдер шығару желісін кеңейтуде. Бұл қаражаттың 14,5 % мемлекет субсидиялап берді. Фармацевтикалық компания дәрігерлерге арналған қорғаныс киімдерін, бір реттік және көп рет қолданылатын медициналық бетпердені жаңа технологияның көмегімен өндіру ісін жолға қойды. Қазір онда 120 адам жұмыс істейді.
Гүлбахрам Досмұрзаева, өндіріс басшысы:
- Құрал-жабдықтың барлығын жаңадан ауыстырдық. Ол – автоматтандырылған машинкалар. Олар өздері жіпті үзеді, жіпті қайтарып тігеді. Сондай-ақ жаңа өндіріс орнын салып жатырмыз. Сол жерге көшкенде ол құрал-жабдықтың барлығы сатып алып қойылған. Ол – соңғы Германияның технологиясы.
«Даму» қоры арқылы көптеген мемлекеттік бағдарлама жүзеге аса бастады. Соның ішінде «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы осындай ірі компаниялардың бизнесін дамытуға игі ықпал етіп келеді. Тек 2021 жылдың І тоқсанында еліміз бойынша 1502 жобаға 152 млрд теңге несие берілді. 4 мыңнан астам кәсіпкер кепілдік несиеге қол жеткізді.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Нұрсұлтан Мұхамеджан, Темірлан Сұлтанғазиев