Екібастұз қаласының экономикасын әртараптандыру шаралары қолға алынады
Ол қыркүйек айында дайын болып қалады. Бұл туралы қалада өткен арнайы сессияда айтылды. Жергілікті билік маңызды құжатты әзірлеуге кәсіпкерлерден бастап, агроном, металлург, энергетик, эколог, жалпы сан-саланың сарапшыларын жинапты.
Екібастұз – Павлодар облысының оңтүстік-батысында орналасқан қала. 1898 жылы негізі қаланып, 1957 қала дәрежесін алған. Осы күндері 54 жылдығын атап өтуде.
Қазір халық саны 130 мыңнан асады. Құрамына 30 ауыл кіреді. Мәдени ошақтар саны 40, 19 спорт, 29 медициналық нысаны бар. Он мыңға тарта шағын және орта бизнес тіркелген.
Иә, бір қарағанда, адамның өмір сүруіне қажеттінің бәрі бар. Бірақ бұл қазір ғана. Ал болашақта не болады? Жасыратыны жоқ, соңғы он жылда мұнда көшіп келгендерге қарағанда кеткендердің саны артқан. Айырмашылық тек демографияның жақсаруының арқасында ғана толығып тұр. Басқа да мәселелер туындауда. Мәселен, қала өзін ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ете алмай отыр.
Әбілқайыр Сқақов, Павлодар облысының әкімі:
- Бұл жерде бұрын 110 мың гектер суармалы жер мүмкіндігі болатын. Қазір тек 15-20 мыңы пайдалануға берілген. Сондықтан агрокешенін дамытамын деген азаматтарға бұл жерде мүмкіндік бар.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Екібастұздың мақтанышы - көмір кені. Мақтанатындай да жөні бар. Мұнда тәулігіне қалыпты жағдайдың өзінде 115 мың тонна көмір вагондарға тиеледі. Ал жылдық қуаты - 32 млн тонна.
Осы көмір шахталары мен электр энергиясын өндіру қаланың мақтанышы болғанымен, болашақта ең осал тұсына айналуы мүмкін. Себебі экономиканың 65% осы салаларға тәуелді. Ал қазіргідей баламалы қуат көздеріне көшу, ірі қалаларды газдандыру қарқын алған тұста бұл өнімдерге болашақта сұраныстың азаятыны сөзсіз. Биліктің бас қатырып отырғаны да осы. Демек, жаңа кәсіп түрлерін ашып, экономиканы әртараптандыру керек.
Ардақ Қаңтарбаев, Екібастұз қаласының әкімі:
- Біз 400 гектар жер бөліп, арнайы өндістік аймақ ашып жатырмыз. Жақында оған ферроқорытпа зауыт өтеді. Соның өзі жылына 240 мың тонна өнім шығармақ.
Биліктің жоспары осындай. Оны қолдайтын, іске асыратын кәсіпкерлер бар ма? Осыны анықтау өзге де ұсыныс-тілектерді жинау үшін арнайы сессия ұйымдастырылды. Бұл алаң келіссөз жасау емес әзірге пікір алысу орны.
Сағидолла Дәурен, тәуелсіз сарапшы:
- Инвестицияны тек кең ауқымда немесе ірі жоба түрінде қарастырған жарамайды. Шағын дүкен ашу болсын немесе белгілі бір саланың білікті маманын қалаға шақырту – бұл да белгілі деңгейде инвестиция. Ол дәл бүгін болмаса да алдағы 10-15 жылда бір саланы дамытып, жүздеген жұмыс орнын ашып беруі мүмкін. Спорт, өнер адамдарын, ғылымға әуес жастарды дайындау да стратегиялық жоспардың аясына кіреді.
Жиналғандар тіпті бос уақытты тиімді өткізетін тартымды орталықтар ашудың маңызды екеніне тоқталды. Сонда ғана адамдар болашағын Екібастұзбен байланыстырады, оның өркендеуіне қызмет етеді. Айта кетейік, осы және өзге де ұсыныстарды қамтыған Екібастұзды дамытудың стратегиялық құжаты қыркүйек айында дайын болады.