Хабар телеарнасы

Қант зауыттарының жағдайы: импортқа тәуелділікті тоқтату керек

Ресейден заңсыз кіргізілетін құмшекердің кесірінен отандық тәтті түбір өсірушілер өнімдерін өткізе алмай отыр. Қазірдің өзінде 100 мың тоннаға жуық қант қоймада үйіліп тұр. Отандық өндірушілер Ресейден бақылаусыз кіретін қантқа шектеу қоюды сұрайды.

Қант жыры биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы тапшылық емес, қоймада артылып қалған өнім зауыттарды әбден әбігерге салды. Елдегі 4 қант өндірушінің де жағдайы ұқсас. Өнім көп, қоймада орын жоқ. Саудаға Ресейдің арзан қанты кедергі.

Дана Әлиева, тілші:

-Ресейлік қанттың зауыттан шыққандағы бағасы – 330, ал отандық шекердің бағасы – 440 теңге. Қатардағы сатып алушының таңдауы қай тауарға түсетіні айдан анық. Өкініштісі, сөрелерді қаңыратқан көршінікі болса, толтырып тұрған біздің қант.

Айжан Наурызғалиева, «Қазақстан қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы» ЗТБ президенті:

-Елдегі  қант зауыттары өнімдерін 440 теңгенің орнына 390-ға ұсынса да, тұтынушылар сатып алуға құлықсыз. Себебі Ресейден контрабандалық жолмен келетін қанттың бағасы әлдеқайда төмен. Оларда өндіріс қарқыны да күшті. Жылына 5 млн тоннадан астам қант өндіреді. Ресей біздің нарықта демпинг жасап отыр. Егер осылай жалғаса берсе, импорттық қантқа тәуелді болып, зауыттарымыздан айырыламыз. Сұр нарықты жабу үшін автомобильмен кіргізуге шектеу қойса екен дейміз.

Қазақстандықтар жылына шамамен 500 мың тонна қант тұтынады. Отандық өндірушілер ішкі нарықтың жартысын ғана қамтиды. Ал қант қызылшасынан алатын өнім қажеттіліктің 10 пайызын да жаппайды. «Сондықтан қантты шетелден автомобильмен кіргізуге шектеу қоя алмаймыз», -дейді жауапты министрлік. Алайда қажетті шараның барлығы қабылданған.

Дамир Егізбаев, ҚР АШМ ресми өкілі:

-Қант зауыттарының модернизациясына, оны жаңартуға мемлекет тарапынан 0,1 пайыздың көлемінде осы зауыттарға 18 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген. Сонымен қатар қосымша құн салығы көлемінен де оларға көмектер қарастырылып отыр. Шетелден қант құрағын әкелетіндерге баж салығын алып тастап отырмыз.

1-ші сәуірден 30 маусымға дейін теміржол арқылы 59 мың тонна қант жеткізілген. Ал автокөлік арқылы өткен шекердің көлемі 6 мың тоннадан асады. Бірақ бұл ресми дерек қана. «Шын мәнінде жеткізілген қанттың көлемі әлдеқайда көп», - дейді өндірушілер.

Айжан Наурызғалиева, «Қазақстан қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы» ЗТБ президенті:

-Біздің шекарадағы өткізу бекеттерінің көбінде таразы жоқ. Құжаттарында 20 тонна деп көрсетіп, 30 тонна кіргізсе де, оны ешкім анықтап жатқан жоқ. Қырғызстанға апарамыз деп, елімізде түсіреді. Қалыптасқан жағдайға қатысты Сауда және интеграция министрлігіне сұрау салдық.

Гүлмира Ахметтаева, ҚР сауда және интеграция министрлігінің сауда комитеті төрағасының орынбасары:

-Салаға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында төменгі көтерме бағаны енгізу жұмыстары қарастырылып жатыр. Отандық зауыттардың ұсыныстары бойынша қанттың ең төменгі бағасы 460 теңгені құрайды. Қазіргі уақытта өтінімдер қарастырылуда.

Биыл елімізде 400 мың тонна қант өндірілуі тиіс. Болжам бойынша, қант қызылшасының көлемі шамамен 20 мың тоннаға артады. Оған алқаптардың кеңеюі себеп. Қазір ол 19 мың гектарға жеткен. Алайда мұның өзі отандық өндірушілердің көңілін көншітпейді. Себебі қоймадағы тәттілерді сатпайынша, қант қызылшасын алуға жағдайлары жетпейді.

Авторлары: Дана Әлиева, Диас Ковланбаев, Мұхамедәли Тілдабаев