Хабар телеарнасы

Қорғас өзеніндегі бөгет 2024 жылы аяқталады

Қазақстан тарапы Қытаймен шекарадағы Қорғас өзенінде салынып жатқан «Шұқырбұлақ» бөгетіндегі өзіне тиесілі жұмыстарды 20 тамызда аяқтайды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың еліміздің оңтүстік-шығыс өңіріне сапары кезінде белгілі болды. Министр Алматы агломерациясындағы су тасқыны мен селдің қаупін азайту жұмысымен танысып, Жетісу облысында болды. Бұл жерде «Қазселденқорғау» мекемесі Халықаралық шекарааралық ынтымақтастық орталығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр.   

«Шұқырбұлақ» бөгеті – еліміздегі ерекше гидротехникалық нысанның бірі. Қорғас Жетісу өңіріндегі ірі өзендердің қатарына жатады. Құрылыс Қазақстан-Қытай шекарасының бейтарап жолағында жүріп жатыр. Жоғарғы ағысынан мұздықты көлдерге дейін шекара нысандары орналасқан. Төменгі жағында «Достық» гидроқұрылғысы Қытайдың су электр станциясымен еркін экономикалық аймақтың инфрақұрылымдары бар. Қорғастың қазақстандық жағында Алмалы мен Басқыншы ауылдары жайғасқан. Тау өзенінде сел жүру қаупі қашанда жоғары. Мұнда елуге жуық мұзды көл бар. Оның төртеуі қауіпті саналады. Сондықтан былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімге сәйкес Қорғаста селден қорғайтын плотина құрылысы басталған.

Сырым Шәріпханов, ҚР ТЖМ министрі:

-Құрылыс жүргізіп жатқан компанияның айтуы бойынша жұмыс әлі бар. Объем бар. Оның бәрін істеу керек. Оған енді мен тапсырма бердім. Көбірек күш, барлық резервті жинап, осы жерде барлық жұмыстарды уақытында бітіруге тырысуымыз керек.    

Бөгет халықаралық шекарааралық ынтымақтастық орталығының жоғарғы жағындағы шатқалды тұтас бекітуі тиіс. Ұзындығы 500, биіктігі 51 метр болады. Ол 10 миллион текшеметрге дейінгі селді тосуға қауқарлы. Жобаның құны – 27 миллиард теңге. Барлық шығындар мен жұмысты екі мемлекет теңдей бөліп істейді. Жобаның қазақстандық бөлігі сәуірде аяқталуы тиіс еді. Мердігерлер енді 20 тамыздан кешіктірмей бітіреміз деп отыр.

Қайрат Бекенов, «Қазселденқорғау» ММ директоры:

-Неге десеңіз, соңғы қалған жұмыстарымыз – 833 куб бетон жұмыстары. Ал күніне олар 200-250 куб салыну керек. Кейбір күндері бетон жұмыстарын аздау салып жатыр. 50-70 пайызға дейін. Сондықтан осы жұмыстарды толығымен барлық цемент заводтарымен, осы щебень алып келетін заводтармен толығымен оларды келісімшарт бойынша осы кестеге сәйкес толығымен орындауға тапсырма берілді. 

2010 және 2015 жылы Қорғас бассейнінде сел жүріп әжептеуір шығын әкелген. Сондықтан «Шұқырбұлақ» плотинасының тезірек салынуына қытай тарапы да мүдделі. Болжам бойынша қалған жұмыс 2024 жылдың қыркүйек  айында толық аяталады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко