Мұнай өндірісінің көлемі қысқартылуы мүмкін
Ақтаудағы атом энергетика комбинатындағы апат салдарынан мұнай өндірісінің көлемі қысқартылуы мүмкін. Бұл туралы Үкіметте энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
Еске салсақ, 11 тамызда Маңғыстау атом электр комбинатындағы 2 жылу электр орталығында апат болып, салдарынан екі энергоблоктың жұмысы тоқтады. Жалпы қуаты – 545 МВт өндіретін комбинаттың өндірістік қуаты қазір 245 МВт құрайды. Осыған байланысты журналистер, Үкімет дәлізінде Энергетика министрінен жалпы мұнай өндірісі қысқаруы мүмкін бе, - деп сұрады.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, электр стансасындағы апат бар, оның сыртында жоспарлы жөндеу бар бірнеше себепке байланысты, мұнай өндірудің тәуліктік нормасы қысқарған. Бұл шамамен 1,5-2 млн тонна.
Жыл соңына дейін 89,4 млн тонна қара алтын өндіру жоспарланған. Министр аталған меженің өзгеруі мүмкін екендігін атап өтті. Ал әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандайды. Сарапшылар АҚШ долларының нығаюы және Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығындағы өзгерістер қара алтынның құнына әсер етеді деп болжап отыр. Сонымен қатар мұнай экспорттаушы елдер ұйымы бағаны көтеру үшін шикізат өндіруді қысқарту туралы шешім қабылдады.