Кімде қанша жинақ бар?
Еліміздің Ұлттық Банкі 1 қарашаға дейінгі жағдай бойынша міндетті зейнетақы жинақтары туралы мәліметтерді жариялады. Жыл ішінде ол 3 трлн теңгеге жуық артқан.
Жыл басынан бергі зейнетақы жинақтары 21,1% көбейіп, оның жалпы сомасы 16,5 трлн теңгеден асып отыр. Зейнетақы шоттарының жалпы саны 11 милионның үстінде. Қарттығын қамтамасыз етуге ұмтылғандардың ішінде ең белсендісі 31-40 жас аралығындағы азаматтар көрінеді. Осы жас аралығына жататын 3 млн адамның шотында 4,8 трлн теңге жатыр. Одан кейінгі орында 4,7 трлн тг жинақтаған 41 мен 50 жас аралығындағы 2,4 млн адам тұр. 51 мен 60 жас аралығындағы салымшылардың шотында 4,3 трлн тг жинақталып отыр. Ал ең азы - жасы 81-ден асқандардың аударымдары. Олар 1,3 млрд тг жинаған екен. Зейнетақы жинақтарын өңірлерге бөлсек, ең көп жинақ Алматы қаласының үлесінде 3,3 трлн тг, астаналықтар 1,5 трлн жинақтаса, үштікті 1,2 трлн теңгемен Қарағанды облысы түйіндейді. Ал ең аз жинақ Алматы облысының еншісінде 192 млрд теңгеге жуық.