Хабар телеарнасы

Субсидия жыры бітер ме?

Ауыл шаруашылығы саласында 142 млрд теңге бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған. Нақтырақ айтсақ, осынша көлемдегі субсидия фермерлерге негізсіз берілген. Мұны бүгін Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов айтты. Бірақ тек 4 дерек бойынша материалдар құқыққорғау органдарына жіберіліпті. Ал 322 жағдай бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Субсидияны майшелпекке айналдырғандар кімдер?

Бүгін депутаттар мен Жоғары аудиторлық палата ауыл шаруашылығы саласындағы біраз былықтың бетін ашты. Соңғы 5 жылда шаруаларды субсидиялауға бюджеттен 2 трлн теңге бөлініпті. Мемлекеттік қолдаудың 17 бағыт бойынша 67 түрі бар екен. Бірақ нәтижесі шамалы. Кемшіліктер де жетерлік.

Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палата төрағасы:

-Субсидия алушыларға бағалау жүргізілмейді. Мұның бәрі өз қызметін субсидия алғанға дейін немесе одан кейін тоқтатқан 2,5 мыңнан астам субъектіге 5 млрд теңге субсидия төленуіне әкеп соққан. 5,4 млрд теңгеге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті, агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес. Мұндай жағдайларда субсидиялаудың тиімділігі туралы айтудың өзі де қиын.

Одан бөлек субсидия беру ережелері де 5 жылдың ішінде 70 рет өзгертілген. Ауыл шаруашылығы министрлігі саланы дамыту үшін соңғы 10 жылда бірнеше бағдарлама қабылдағанымен олар соңына дейін жеткізілмеген. Ең сорақысы, жоқ малға субсидия алып келгендер болған.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Мәселен, субсидия алу үшін 2,5 жыл бойы мал басы қолдан көбейтіліп келген. Яғни санда бар, санақта жоқ. Тексеріс нәтижесінде осындай 5,2 млн бас мал анықталды. Айталық, Алматы облысы субсидия алудан көш басында тұр. Бірақ олардағы мал басы Түркістан облысынан 2 есе аз. Бірақ Түркістан облысы Алматыдан едәуір төмен алады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров болса: «Субсидия өз жемісін беріп жатыр»,– дейді. Оның сөзінше, мемлекеттік қолдаудың арқасында егіннің өнімділігі артып, сүтті бағыттағы ірі қара көбейген. Көптеген өнімдермен ішкі нарықты қамтамасыз ету үлесі артыпты. Техника да жаңарып жатқанын айтады.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

-2014 жылы техникаларды жаңарту деңгейі екі-ақ пайыз болатын. Жылына 5 мың машина ғана сатып алынатын. Ал қазіргі жылдың қорытындысы бойынша 5,5% жеттік. Яғни биылғы жылы біздің шаруалар 22 мың заманауи техника сатып алды. Бұл жаңағы шаруашылықтарға субсидия бергеннің арқасында деп санаймыз.

Министрді кейбір депутаттар да қолдайды. Айтуларынша, субсидия шаруаларға едәуір көмек.

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Менің жеке пікірім: субсидия керек! Біз субсидияға мұқтажбыз. Екі себебін айтайын. Біріншіден, біз ауа райына әр уақытта тәуелдіміз. Екіншіден, субсидияның қажеттілігі, мына көрші Еуразиялық Одақтағы мемлекеттер субсидияны ешқашан азайтпайды. Біз азайтамыз, олар азайтпайды. Демек біздің бәсекеге қабілеттілігіміз төмен болады. Біз осыны естен шығармауымыз керек.

«Тек субсидияны беру талабы күшейіп, оны үлестіруде шаруашылықтың географиялық орны мен бәсекеге қабілеттілігі ескерілсе»,– дейді депутаттар. Жіті бақылауды да естен шығармаған жөн.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

-Мемлекет басшысы жуырда өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында осы саланы дамыту бойынша жаңа стратегиялық міндеттер қойды. Мемлекеттен бөлініп жатқан субсидиялар Президенттің барлық тапсырмасын орындауға жұмыс істеуі керек. Бұл ретте субсидия жүйесі барынша қарапайым, ашық, түсінікті әрі тұрақты болуы шарт.

Бірақ келешекте субсидия деген атымен жойылады. Бұл да Президенттің тапсырмасы. Шаруаларға оның орнына жеңілдетілген несие берілуі тиіс. Ондай қолдау қазір де бар. Бірақ жылдық үстемесі 5%. Депутаттар оны 2 есе азайтуды ұсынады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Самат Оспанов