Қарағанды облысында Қарқаралы қаласының 200 жылдығы атап өтіледі
Биыл Қарағанды облысында Қарқаралы қаласының 200 жылдығы атап өтіледі. Мерейтой алдында көне шаһарды абаттандыру жұмыстары қарқын алды. Қала ішіндегі жолдар, стадион мен мәдениет үйі жаңғыртылып жатыр. Сондай-ақ Құнанбай қажы мешіті жөнделуде.
Қарқаралыдағы стадионға алғаш рет ауқымды күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Нысан 1970 жылдары салынған. Осыдан 14 жыл бұрын қолда бар аз қаржыға жөндеу жасалған. Енді стадионның трибунасы, алаңы, жүгіру жолағы, әкімшілік және шаруашылық ғимараты түгел заманауи үлгіде болады.
Нұрлан Мұхамеджанов, құрылыс учаскесінің басшысы:
-Өзгеріс болады. Мына жерде түгел қоршауы алынады. Жаңа металлдан саламыз. Адамдар отыратын орындықтар салынады. Арғы жағына 400, бергі жағына 400 орын. Жүгіру алағы, екі спорттық алаңы болады.
Шолпан Жандарбекова атындағы мәдениет үйіне де күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл 600-дей көрермен сиятын үлкен ғимарат. Мұнда балалар мен жастарға арналған 26 түрлі үйірме жұмыс істейді. Өнер ордасына 50 жылдан бері жөндеу жасалмаған.
Айнұр Мұратбекқызы, Қарқаралы қаласының тұрғыны:
-Көгалдандыру, паркті жасап берсе, мына үйлердің сыртын, төбелерін жөндеп берсе. Енді Қарқаралымыз жасай берсін. Қасиетті туған жеріміз, ата-анамыз.
Қала орталығындағы Тоқтар Әубәкіров атындағы көшенің жолы да жөнделіп жатыр. Ұзындығы 2 шақырымнан астам аумаққа жаңадан асфальт төселіп, маңайы абаттандырылады. Сондай-ақ осы көшенің басында тұрған Құнанбай қажы мешіті қайта қалыпқа келтрілуде. Тарихи ғимарат 1849 жылы салынған. «Шаһардың 200 жылдығына орай мұнда келушілер көп болады»,— дейді жергілікті билік өкілдері.
Әділжан Арғынов, Қарқаралы ауданының әкімі:
-Орталық көше кіреберісінен бастап ең жоғарғы Құнанбай қажы мешітіне дейінгі 2,2 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Тиісті қаражаты бөлінген, мердігері анықталған. Енді ыңғайсыздығы үшін қала тұрғындарынан кешірім сұраймыз. Бірақ жол істелген соң қаламызға ерекше сән беретіні анық.
Арқаның алтын тәжі Қарқаралы қаласы осыдан тура 200 жыл бұрын шағын ғана ауыл болып құрылған. ХІХ ғасырдың ортасында Орталық Азия, Сібір, Қытайға қатынайтын керуендер осы киелі мекен арқылы өткен. Соның арқасында сауда-саттығы, өнеркәсібі, мәдениеті дамып, сәулетті қалаға айналған. Бүгінде жыл сайын 30 мың турист аялдайтын ірі шаһар.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар