Қазақстан мен Ресей компаниялары ЖЭО салу туралы келісімге қол қойды
Ресейлік компания Қазақстанға салып беретін үш жылу электр орталығының іске қосылатын мерзімі анықталды.
Атап айтқанда жаңа жылу электр орталықтары Семей және Көкшетау қалаларында 2027 жылы пайдалануға беріледі. Ал Өскемендегі орталық 2030 қосылады. Мемлекет басшысының сапары аясында тараптар келісімге қол қойды.
Осылайша «Самұрық-Қазына» мен Ресейлік «Интер РАО Экспорт» компаниясы арасындағы келісім бүгіннен бастап күшіне енді. Жылу электр орталығын салуда көршінің көмегіне жүгінуге мәжбүрміз. Себебі елде жұмыс істеп тұрған 37 орталықтың 19 немесе 51% әбден тозығы жеткен, тіпті елге қауіп төндіреді.
Бұл жобалардың басты мердігері – «Интер РАО экспорт» тиісті қаржыны Ресей банктерінен алады.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
- «Интер РАО Экспорт» компаниясы біздің ЕРС мердігер ретінде бұл жобаларды жүзеге асыратын болады. Одан басқа «Интер РАО Экспорт» тиісті қаражат Ресей банктерден тартатын болады. Олар қарыз ретінде Ресей банктерінен тартады. Несиенің мерзімі 15 жыл болады, ал пайыздық ставкасы 7,5-8% құрайды.
Сонымен бірге Екібастұздағы МАЭС-2 үшінші және төртінші блоктарын да ресейліктер салатын болды. «Самұрық-Энерго» ресейлік «ОРГРЭС» компаниясымен осындай келісімге қол қойды. Қазір энергетикалық нысанның небары екі блогы толық қуатында жұмыс істеп тұр. Төрт блок түгел қосылғанда өндірілетін электр қуатының көлемі – 2 мың мегаваттқа жетіп, электр қуатына деген сұраныс толық өтеледі.
Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:
- Келісім бойынша құрылысты 2027 жылдың аяғына дейін бітіруіміз керек. Үшінші блокты. Төртінші блокты 2029 жылдың аяғында бітіруіміз керек. Қазір 1 мың мегаватт бар, енді 1 мың мегаватты қосқанда 2 мың мегаватт электрқуаты болады.