ЕЭО: негізсіз тексеру болмайды
Бұдан былай отандық кәсіпкерлер өз өнімдерін көрші елдердің нарығына жеткізу кезінде фитосанитариялық бақылау органдары тарапынан жүргізілетін негізсіз тексерулерге тап болмайды.
Сенат отырысында тиісті құжат қабылданды. Экспорттық-кредиттік агенттік туралы заң да мақұлданды. Солтүстікті газдандыру, алғашқы медициналық көмек, жастар тәрбиесі және өзге де мәселелер жөнінде депутаттық сауалдар жолданды.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 106 түзету енгізіледі. Әсіресе сауда-саттыққа қойылар талап күшейтілмек. Мәселен, бәсекелестік ережелерін бұзып, одақ талабына сай тиісті мәліметтерін ұсынбаған және Еуразиялық экономикалық комиссия шешімдерін орындамаған кәсіпкерлер айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Серік Өтешов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бірінші – фитосанитариялық сертификаттар мен мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді электронды түрде рәсімдеу мүмкіндігі пайда болады. Электронды құжаттарды енгізу алқаптан дүкен сөрелеріне дейінгі жеміс-жидек өнімдерінің партияларын цифрлық қадағалауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Тағы педагогика және заң саласындағы қызметкерлер үшін Еуразиялық экономикалық одақтың басқа мүше мемлекетінде білім туралы құжаттарды тану жөніндегі талаптар алынып тасталады. Бұл еңбек мигранттарын жұмысқа орналастыру кезіндегі шарттарды жеңілдетуге бағытталған.
Сенат сондай-ақ экспорттық-кредиттік агенттік туралы заңды мақұлдады. Агенттік сыртқы сауда операциялары кезінде төлемнің жүргізілмеуінен сақтандырып, мемлекеттік кепіл береді. Сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялап, экспорттық сауданы қаржыландырады.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында шикізатқа тәуелділіктен арылу керек екенін айтқан еді. Бұл ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие бағыт. Сондықтан отандық шикізаттық емес тауарлардың экспортын дамытатын жаңа институт құру көзделіп отыр. Осыған байланысты экспорттық-кредиттік агенттікке арнайы құқықтық статус берілді.
Ұйым «Kazakh-Экспорт» сақтандыру компаниясының орнын басады. Агенттіктің қызметін бақылау Сауда және интеграция министрлігіне жүктелді.
Бірқатар сенатор Үкіметке депутаттық сауалдарын да жолдады.
Сенаторлар солтүстікке газ жеткізудің балама жолдарын ұсынды. Ол Сарыарқа магистралді газ құбырын ұзарту немесе ресейлік газ тасымалдау жүйесіне қосылу арқылы жүзеге асуы мүмкін.
Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Өзгелер көгілдір отынның қызығын көріп жатқанда көрші отырып, көмір тасыған ауыл тұрғындарының тілегін жеткізіп отырмыз. Солтүстік облыстарды газдандырудың балама жолдары бар. Олардың бірі – РФ Түмен облысының Ишим қаласында қосылу нүктесі бар магистралді газ құбырын салу. Түмен облысының солтүстік аудандары Омбы магистралді газ құбырына қосылу үшін ең жақын нүкте Петропавл қаласынан 156 км орналасқан Түмен облысының Ишим қаласы.
Шамамен 3 млн азамат алғашқы медициналық-санитариялық көмектен тыс қалып отыр. Сенатор Ақмарал Әлназарова өзінің депутаттық сауалында осы түйткілді қозғады. Оның айтуынша, дәрігерлер азаматтардың кейбір санаттарын тіркеуде қиындыққа тап болуда.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Түйткілді шешу үшін белгілі бір санаттағы тұрғындарды тіркеуден шығару мүмкіндігі, бекіту жиілігін заңнамалық реттеу, мемлекеттік тапсырыс алатын жеке медициналық ұйымдардың жауапкершілігін арттыру шаралары көзделетін сапалы өзгерістер қажет.
Науқастар күрделі аурудан емделу үшін дәрігер іздеп ірі медициналық мекемелерге уақытша бекітіледі. Кейін материалдық-техникалық базасы жоқ емханалар арасында көшіп-қонып жүреді. Сенатор медициналық ұйымдарда бөлінген қаражатты дербес реттеу құқығының жоқ екенін айтты.
2023 жылдың 9 айында қор тарапынан медициналық мекемелерге 16 млрд теңгеге тең айыппұл салынса, оның 92,5% емханаларға тиесілі. Осыған байланысты депутат медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарын қор ұстау тәртібіне көшіруді ұсынды. Ал Нұртөре Жүсіп жастар тәрбиесі мен халықтың мәдени деңгейін арттыруға баса мән берді.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жас ұрпақ тәрбиесі мен мәдени деңгейімізді көтеру мәселесіне мұқият көңіл бөлмесек болмайды. Жабайылық анайылыққа жол ашады. Әсіресе жастардың құндылық бағдарларын тереңдетіп, жұртты еңбекқорлыққа бет бұруға, отбасы тәрбиесіне барынша күш салу қажет деп пайымдаймын. Құрметті Әлихан Асханұлы, аталған мәселеге қатысты Үкіметтің тұжырымдамалық ұсыныстарын жан-жақты пысықтауды және жедел әзірлеуге тапсырма беруіңізді сұраймын.
Нұртөре Жүсіп Президенттің «Толық адам», «Адал азамат» деген идеяларды ұсынғанын еске салды. «Айтылған сөз жерде қалмауы керек. Осының бәрін жүйелеу қажет», - деді сенатор.
Мирлан Алтынбек, Азамат Сәметов