Хабар телеарнасы

Еліміздің валюта нарығындағы доллар бағамы құбылып тұр

Еліміздің валюта нарығындағы доллар бағамы құбылып тұр. Қазір кейбір айырбастау пункттерінде АҚШ ақшасын сату 500 теңгеден асып кетті. Көк қағаздың бұлайшы тұрақсыздануын мамандар әлемдегі және ішкі экономикалық жағдаймен байланыстырады. Ал төл теңгеміз қайта күшейе ме? 

АҚШ доллары соңғы 4 күннен бері шарықтап барады. Бүгін Астанадағы ақша айырбастау пункттерінің бірқатарында 499 бен 501 теңгенің арасында сатылды. Валюта нарығындағы жағдайды байқап жүрген жұрт мұндай ахуал адам өміріне әсер етпей қоймайтынын айтады.

Ал сарапшылар доллардың қымбаттап, төл теңгемізге әсер етуін сыртқы факторлармен байланыстырады. Атап айтқанда, әлемдегі геосаяси жағдайдың құбылмалы болуы, АҚШ-тағы сайлау және мұнай бағасының көрсеткіштері секілді бірнеше себепті алға тартады. Тіпті қор биржасындағы жағдаймен де байланысты көрінеді. Салдарынан отандық экономикаға әсер етіп жатыр дейді.

Нұржан Бияқаев, сарапшы:

-Бүгінде бренд маркалы мұнай бағасы көтерілді. Бірақ біз бұл ретте теңгеміздің АҚШ долларына шаққанда төмендегенін байқаймыз. Менің ойымша, әр жыл соңында сыртқы саудамен айналысушылар тарапынан долларға және евроға сұраныс көбейеді. Бұны қор биржасындағы ойыншылар пайдасына жаратады. Бұл ретте, егер Үкімет Ұлттық банктен теңгені нығайтуды талап етіп, интервенция жасау қажет болса, онда бюджетте көрсетілгендей 470 теңге көлемінде қалады.

АҚШ валютасы соңғы төрт жылдың өзінде сан мәрте құбылған. Мәселен, 2020 жылы 1 доллар 424 теңге көлемінде сатылса, 2021 жылғы орташа бағамы 427 теңге болған. Ал 2022 жылы көктемде 480 теңге маңайында саудаланды. 2023 жылы 429 теңге көлемінде болса, қазір 500 теңгеден асты.

Ал Ұлттық банк АҚШ долларының дамыған және дамушы нарықтардың валюталарына қатысты нығайғанын мәлімдеді. Ал елде шетел валютасына сұраныс артқан. Сондай-ақ бюджет шығыстарының артуы мен квазимемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға шығындар ұлғайған.

Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің бұзылуы инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізіп, инвестициялық жобалардың қымбаттауына және жалпы инфляциялық қысымның артуына алып келеді. Осыған байланысты валюта нарығындағы теңгерімділікті арттыру мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50% міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысы мен Ұлттық Банктің бұйрығы әзірленіп, жақын күндері қабылданады.

Мамандар теңге қайта нығаюы үшін импорт көлемін азайту да маңызды дейді. Ал доллар бағамы келер маусымда қайта тұрақталуы мүмкін деп болжайды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Әлібек Алиев