«Ақтау – Бейнеу» автожолы қолданысқа берілді
Маңғыстау облысын еліміздің өзге өңірлерімен жалғайтын жалғыз автожол толық жаңартылып, пайдалануға берілді.
Бұрын көрші облыстарға тәулік бойы жүріп, әзер жететін тұрғындар қазір 5 сағатта баратын болды. Халықаралық талапқа сай салынған автожол жүк тасымалының артуына да жол ашты. Тақтайдай тегіс жолмен Ақтау, Құрық порттарына жүк тасымалдана бастады.
Бұрын көрші облыстар тұрмақ, Ақтаудан Бейнеуге автокөлікпен жетудің өзі мұң еді. Асфальтсыз қара жолда талай жүргізуші батпаққа батып, көліктері істен шыққан. Енді міне, «Ақтау – Бейнеу» автожолы жаңғыртылып, бар қиындық артта қалды. Облыс тұрғындарына өзге өңірлерге өз көліктерімен баруына мүмкіндік туды.
Серік Ділжанов, жүргізуші:
- Қазір жол жақсарды. Бұрын Атырау, Бейнеуге кешке дейін баратын едік. Қазір енді 3-4 сағатта барамыз. Жолымыз жақсы, бұрынғыдай емес. Жол тегіс. Көліктерімізге де жақсы.
Аталған көлік дәлізі былтыр Елбасының қатысуымен өткен телекөпір кезінде ел игілігіне берілген еді. Бұл – республикалық маңызы бар «Ақтау – Атырау» автожолының бір бөлігі. 900 шақырымды құрайтын көлік дәлізінің 592 шақырымы Маңғыстау облысына тиесілі. 2006 жылы басталған құрылысқа 12 жыл ішінде респубикалық бюджет пен өзге де қаржы көздерден 94 млрд теңге жұмсалған.
Қажымұрат Сүйебаев, «ҚазАвтоЖол» АҚ» ұлттық компаниясы Маңғыстау бөлімшесі директорының орынбасары:
- Қозғалыстың қарқындылығына байланысты жолдың жартысы 2-ші, ал қалғаны 1-дәрежелі болып бекітілді. Жол бойында ондаған дүкен, жолаушылар тынығатын орындар ашылды. Осылайша жаңа жол 60-тан астам адамның жұмыспен қамтылуына, шағын бизнестің дамуына ықпал етті.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған автожол жүк тасымалының артуына да жол ашып отыр. Ел аймақтарымен қатар көрші мемлекеттермен де алыс-беріс пен барыс-келіс арта бастады. Сарапшылардың топшылауынша, келер жылдан бастап аталған көлік дәлізі арқылы тәулігіне 30 мың тоннаға дейін жүк тасмалданбақ. Бұл Маңғыстау ғана емес, тұтас ел экономикасының дамуына ықпал етеді.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Ескі жолды жаңғыртудың арқасында көлік қозғалысының саны артты. Бүгінде бұл автожолмен тәулігіне 10 мыңға жуық машина жүріп өтуде. Оның басым бөлігі жүк көліктері. Еліміздің өзге өңірлерімен қатар Қытай мен Өзбекстан, Қырғыз елінің тауарлары да осы жол арқылы Ақтау, Құрық порттарына тасымалданып жатыр.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев