Жастар жылы ел тарихында алғаш рет аталып өтеді
Басты мақсат – ел болашағы, жас буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру.
Жастар жылы Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет аталып өтілмек. Салтанатты ашылу қаңтар айының соңына жоспарланған. Бұл шарадан кейін Президент тапсырмасына сай Үкімет арнайы «Жол картасын» қабылдауы тиіс. Қазір бұған жауапты ведомство Қоғамдық даму министрлігінің жастар және отбасы істері комитеті жол картасының жобасын әзірледі.
Ол еліміздің әр санаттағы жастарына түрлі мүмкіндік беретін нақты 100-ге жуық жобадан құралған. Жалпы «Жол картасы» жастардың қазіргі өзекті мәселелерін шешуге бағытталмақ. «Күрмеуі тарқамаған қандай мәселе десеңіз, ол бірінші кезекте сапалы білім алу, жұмыспен қамту және баспанаға қол жеткізу», – деп санамалайды жауапты мамандар.
Асхат Оралов, ҚР Қоғамдық даму министрлігі комитет төрағасының міндетін атқарушы:
- Қазір Жастар жылының аясында «Болашақ» қауымдастығымен бірлесе отырып PhD докторантура және магистратураға қосымша гранттар бөлетін болады. IT саласына да қазіргі нарықтың қажеттілігі бойынша қосымша стипендиялар бөлінеді.
Негізінен өзектілігі өткір тұрған баспана мәселесін әр аймақ өзінше тиімді шешіп жатыр. «Әр өңірдің өз бағдарламасы бар», – дейді жауапты мамандар.
Асхат Оралов, ҚР Қоғамдық даму министрлігі комитет төрағасының міндетін атқарушы:
- 2019 жылды күтпей біраз аймақтармен жұмыс істеп жатырмыз ғой. Мысалы, Шымкент қаласында жастарға арналған «7-10-25» деген қосымша бағдарлама іске асты. Ал БҚО-да «Ақжайық жастары» деген қосымша бағдарлама қабылданады. Ақтөбе өңірінде де сондай бағдарлама қабылданады. Сондай-ақ СҚО-да жастарға, жас отбасыларға арналған баспана мәселесін шешу мақсатында қосымша бағдарлама қабылданады деген ойымыз бар.
Білім беру мәселесіне келер болсақ. Былтыр көктемде Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» жарияланды.
Осы әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған бастама аясында студенттерге қосымша 20 мың грант бөлінді. Тегін білім алу мүмкіндігі беріліп қана қоймай, елімізде жаппай жатақханалар құрылысы басталды. Қазір 90 366 студентті жатақханамен қамту қажет. Оның 65 713-і жоғары оқу орындарына, 24 653-і колледждерге керек. Алдағы екі жылда 10 044 орындық жатақхана тапсырылады. Ал 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орынға арналған жатақхана студенттердің игілігіне беріледі деп жоспарланған.
Негізінен елімізде 4 млн-ға жуық жас бар. Олар жалпы халықтың 22%-ы. Осы өскелең ұрпақ 27 жылдың ішінде мемлекеттің түрлі қолдауын алып келді. Енді елге қарыз қайтарар шақ туды. Сондықтан әлеуметтік көмек күтіп отырмай, елге пайда тигізетіндей еңбек ету керек.