Шартарап: Түркия Сирияда буферлік аймақ құрады. ҚХР сыртқы саудасы
202 депутат қолдады. 432-сі қарсы. Парламент премьер-министр Тереза Мэйдің Brexit жоспарын қолдамай тастады. Сейсенбі күні үзіліссіз өткен пікірталаста депутаттардың Ұлыбританияның ЕО-дан бөліну шарттарына көңілі толмады. Енді үкімет үш күннің ішінде тағы бір жоспар ұсына алады. Бірақ оппозиция сенім вотумы бойынша дауыс беру өткізуді талап етіп отыр. Мэйдің екі жылдан астам уақытқа созылған стратегиясының қабылданбауы Британ тарихындағы үкіметтің ең ауыр жеңілісі деп бағаланды. Тереза Мэйдің дауыс беру нәтижесі бойынша пікірі мынадай.
Тереза Мэй, Ұлыбритания премьер-министрі:
- Бүгінгі дауыс беру палатаның ұстанымын көрсетті. Олар бұл келісімді қолдағысы келмейді. Бірақ референдум қорытындысы бойынша халықтың таңдауы осы болған еді. Олардың шешімін сонда кім қолдайды?
Түркия Сирияда буферлік аймақ құратын болды
Түркия Трамптың ұсынысы бойынша Сирияда буферлік аймақ құратын болды. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған парламентте өткен жиында мәлімдеді. Ердоғанның айтуынша, Трамптың Twitter парақшасына жариялаған мәлімдемесінен кейін қос елдің басшысы телефон арқылы бір мәмілеге келген.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия республикасының президенті:
- Сириядағы жағдайға қатысты Трамппен бір келісімге келдік деген сенімдемін. Ол АҚШ әскерлерін Сириядан шығару туралы шешімі мен Түркияның Сирияда буферлік аймақ құруын тағы бір рет растады. Буферлік аймақ құру ұсынысын Обаманың билігі тұсында жасаған болатынмын. Түркия бұл мәселені шешу үшін қажетті мүмкіндіктерін қолданады.
«Бір белдеу, бір жол» сыртқы сауданы дамытты
2018 жыл тұрақсыз болғанымен Қытайдың сыртқы саудасы 4,62 трлн долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Десе де АҚШ-пен арадағы сауда соғысының да кері әсері болған. Мысалы, былтыр желтоқсан айында Қытайдың экспорты мен импорты соңғы 2 жылдағы ең төмен көрсеткішке түсті. Елдің Бас кедендік басқармасы былтыр экспорт 4,4; ал импорт 7,6%-ға төмендегенін мәлімдеді. Сондықтан ел үкіметі инфрақұрылым шығынын арттырып, салықты азайтып экономиканың дамуын ынталандыруда.
2019 жылы да Қытайдың дамуы бәсеңсуі мүмкін. Бірақ «Бір белдеу, бір жол» бойындағы елдермен тығыз байланыс сыртқы саудаға оң әсер еткен. Былтыр 9,7%-ға артып, 4,5 трлн доллар болды. «Тауар айналым бір жылда 13,3%-ғе өсті», – дейді Қытайдың Бас кедендік басқармасының ресми өкілі Ли Куйвэнь.
Ли Куйвэнь, ҚХР Бас кедендік басқармасының ресми өкілі:
- «Бір белдеу, бір жол» бойындағы елдер арасындағы әріптестіктің әлеуеті артып келеді. Бұл – Қытайдың сыртқы саудасын дамытатын жаңа қозғаушы күш. Атап айтсақ, Ресей, Сауд Арабиясы және Греция елдерімен сауда жасау 24%, 23,2% және 33%-ға артты.