Хабар телеарнасы

Түркия ШЫҰ мүшесі болуға ниетті

Анкараның мақсаты – Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болу. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған НАТО саммитінен кейін осындай мәлімдеме жасады. Түрік басшысының сөзінше, осы бойынша тұрақты мүшелерден қолдау сұраған. Еске сала кетейік, 4 шілдеде Астанада өткен саммитте Беларусь Шанхай ынтымақтастық ұйымына ресми түрде қосылды. Осылайша, тұрақты мүшелер саны онға жетті. Екі мемлекет Ауғанстан мен Моңғолия ұйымға бақылаушы мәртебесіне ие. Түркия «Шанхай ынтымақтастығы ұйымына диалогтық серіктес» саналатын 14 мемлекеттің бірі.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
-Біздің мақсатымыз – Шанхай ынтымақтастығына бақылаушы ретінде емес, тұрақты мүше болу. Біз қазірдің өзінде бақылаушы мәртебесіндеміз. Бұдан әрі Түркия енді Шанхай бестігіне тұрақты мүше ретінде қосылуы керек. Мен мұны Путин мырза, Си Цзиньпинмен бөлек талқыладым. Қазақстан Президентімен де кездесіп, осы мәселе бойынша барлық тұрақты мүшелерден қолдау сұрадым.