Түркістан облысы: Ордабасылықтар коммуналдық ауыртпалықтан арыла алмай келеді
Мәселен, шағын елді мекенде медициналық емдеу орны жоқ. Ауызсу тапшы. Ал көшедегі электр желілері тозған. Тіпті ағаш бағаналары шіріп, құлауға сәл-ақ қалған.
Мамыр ауылындағы жарты ғасыр бұрын қойылған электр бағаналарының шірімегені кемде-кем. Қазір бұлар тіреудің арқасында әзер тұр. Мына салбыраған сымдар бір-бірімен айқасып қалмас үшін әр жеріне тұрғындар тас іліп қойыпты. Сымдағы тоқтың тұйықталуынан кей бағаналардың басы жанып кеткен. Мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келеді.
Сүлеймен Мамыр, ауыл тұрғыны:
- Бағаналарды астындағы бір-бір арматура ұстап тұр. Бір күні болмаса, бір күні шайқалады. Ол жоғары кернеулі. Анаған тиеді жарқ-жарқ етіп. Мына кірпішті қолдан байлап қойдық. Осыны айтуымен-ақ шаршадық.
500 түтіні бар Мамыр ауылының көшелерінде шам жоқ. Тіпті мектепке баратын орталық көше түнде тас түнекке айналады. Екінші ауысымдағы оқушылар үйіне қараңғыда қайтады. Алайда жергілікті билік бұл мәселенің әзірге шешілмейтінін айтады.
Арман Ысқақов, Ордабасы ауданы әкімі аппараты бөлім басшысының міндетін атқарушы:
- Сметалық құжаттама әлі жасалынбаған. Ұсыныс жіберілді. Жауап хаттамалар енді келеді.
Елді мекендегі тағы бір қиындық емхананың жоқтығы. Сырқаты сыр бергендер дәрігер іздеп, 5-6 шақырым жердегі Бадам ауылына сабылады. Ал екі елді мекен арасында қоғамдық көлік те қатынамайды. Жеке көлігі жоқтар емдеу орнына жаяу жетеді.
Сәлима Базарбаева, ауыл тұрғыны:
- Балаларды дәрігерге апарып, көрсету өте қиын. Балалар, келіндер ауырса жеткізу қиын. 4 шақырым жер. Өте алыс. Кезек көп. Кешке дейін жүріп, көріне алмай келеді.
Халықтың жанына батқан жанайқайынан ауыл әкімі де хабардар. Десе де басы ашық мәселе ауызекі әңгімеден әрі аспай тұр.
Махмұд Қонысов, Бадам ауыл округінің әкімі:
- Ауданмен сөйлесіп жатырмыз. Тиісті құжаттарын дайындаймыз. Бітіреміз. Жер бөлінеді. Бірақ жер табу күрделі мәселе болып тұр.
Ауылда ауызсу мәселесі де өткір тұр. «Бір кездері «Ақбұлақ» бағдарламасымен жеткен таза судан қазір сапа кеткен», – дейді тұрғындар. Ал ауыл әкімі: «Қаржы қаралмағандықтан ұңғымаларда жерасты суын тазартатын сүзгілер жоқ. Енді халықтың осы бір тіршілік нәрін қанағат етуіне тура келеді», – дейді.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов