Хабар телеарнасы

Сүт өнімдерін сатумен табыс тауып отырған Жіңішке ауылының тұрғындары

Түркістан облысында шағын ауылдың тұрғындары сүт өнімдерін сатып, табыс тауып отыр. Халықаралық тасжолдың бойында жатқан Жіңішке елді мекенінің еңбек адамдары ұлттық тағамдардың мәзірін дайындап, тамақтану орындарын ашқан.

Жіңішке ауылы Шымкент-Ташкент тас жолының бойында орналасқан. Елді мекен халқы жолаушыларға ұлттық тағам түрлерін саудалап, табыс тауып отыр. Ірімшік, сары май, қаймақ, сүзбе, қымыз бен қымыран және ыстық бауырсаққа сұраныс жоғары.

Баян Қадырова, Жіңішке ауылының тұрғыны:

- Қонақтар өтеді мына жерден, туристер келеді. Бізге де келген қонақтар рақмет айтып, риза болып, кетсін деп қолымыздан келгенше жағдай жасап отырмыз. Қымыз-көжемізге ешқандай шағым болған емес. Алғысын айтып құйып алып кететіндер де бар.

Ауылдағы әрбір екінші үйдің тұрғыны бие байлап, сиыр сауады. Еңбектің ебін, кәсіптің көзін тапқан қонақжай жұрттың ырыс-несібесі де артты.

Қамаш Мошқалов, Жіңішке ауылының тұрғыны:

- Осы кәсібіміздің арқасында үй салып жатырмыз. Балаларды оқытып жатырмыз. Қаладан үй алып жатырмыз. Әйтеуір еңбек етсең бәрі болады екен ғой. Жата берсең ешнәрсе болмайды.

Қазір жол бойындағы жиырмадан астам сауда орнының қасбеті толық жаңғыртылған. Жолаушылардың сұранысына сәйкес, дәмханалар ашылып, қызмет көрсету аясы кеңейтілді. «Ауыл халқын жұмыспен қамтылу көрсеткіші де жақсарды»,– дейді жергілікті билік өкілдері.

Тәңірберген Ақберген, сарапхана ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Кәсіпкерлерімізге осыдан 2 жылдай бұрын бір келкі үлгіде заман талабына сай салу ұсынылып, проекттер берілген. Қазір енді барлығы өздеріңіз көргендей, сол талапқа сай қайтадан көркейіп, қайтадан салынып жатыр. Әкімшілік тарапынан «Ауыл аманаты» деген 2,5 пайызбен берілетін несие беру жоспарланып отыр.

Халықаралық тасжол арқылы тәулігіне мыңдаған жолаушы қатынайды. Әкімдік жергілікті халықтың жаңа жобаларына қолдау көрсетуге дайын.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы