Әкім Тарази тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды

  • 12
  • 20.10.2025, 19:51

Қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, киносценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әкім Тарази тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды. Халық қалаулылары мен зиялы қауым өкілдері, жазушының шәкірттері мен оқырмандары қаламгер жайлы естелігін бөлісіп, арқа-жарқа болысты. Шараға тағы кімдер қатысты? Ескерткіш тақтаның ашылуына мұрындық болған кімдер?

Әкім Тарази ұзақ жылдар тұрған үйде ескерткіш тақтаның қойылуына Астана қаласы әкімінің орынбасары, халық қалаулылары, зиялы қауым өкілдері және қаламгердің шәкірттері қатысты. Сондай-ақ жазушы өзі дәріс оқып, ұстаздық еткен Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Әкім Тарази атындағы Мәжіліс залы ашылды. Әкім Тарази ол жерде өмірінің соңғы жылдарына дейін профессор ретінде шәкірттерге тәлім берді.

Роза Мұқанова, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

-Бұл қайраткер тұлғаның, көрнекті жазушының екінші өмірінің басталуы. Әкім Тарази үлкен мектеп көрген жазушы. Кешегі дүниеден өткен ұлы классиктер Мұхтар Әуезовтің көзін көрген, Ғабит Мүсіреповтің шәкірті болған, Кемел Тоқеавтың шәкірті болған, үлкендердің көзін көрген соңғы буынның соңғы өкілі.

Қазақ прозасы мен драматургиясына «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Күлмейтін комедия» сынды кесек шығармалары арқылы еселі үлес қосқан Әкім Тарази өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Мәскеуде ашылған жоғары сценарлік курста арнайы оқыған тұңғыш кәсіби кинодраматург. Ол қазақ кино өнерінің алтын қорына енген «Тұлпардың ізі», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» сынды фильмдердің сценариін де жазған.  

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:  

-Ол кісі тек әдебиетте ғана емес, кинодраматургияда, театрда, аударма саласында, ұлттық әдебиетте өте жанкешті еңбек еткен. Бүгінгі шара сол кісінің лайықты еңбегі деп білемін. Бүтін бір мектеп қалыптастыра жүріп тәуелсіздікті мұрат тұтқан, тәуелсіздікті мәңгілік жасауға қызмет еткен санаулы тұлғалардың бірі деп ойлаймын.  

Ендеше, мұның өзі тарихқа жасалған құрмет болса керек. 

Төлен Әбдік, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

-Біз қазір келіп тақта ашып жатырмыз. Бізден кейін де талай ұрпақ келеді. Ертең амандық болса 100 жылдығы тойланады. Сол кезеді бұдан да үлкен шаралар болады. Сондықтан бүгінгі іс-шарамыз халыққа еңбегін сіңірген адамды ұмытпауымыз үлкен елдіктің белгісі. Біз ұлыларды ұмытпауымыз керек.

Иә, ұлыларымызды ұмытпай, ұлықтай білу бүгінгі ұрпақ парызы. 

Құралай Жұмахан, Айбек Ақшолақов