ШҚО-да мал ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан топ ұсталды
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әбден дәніккендері өрістегі жылқы мен сиырды тапа-тал түсте атып алып кетеді. Қазір шаруашылық иелері ұрылардан сақтану үшін малын күндіз-түні күзетуге мәжбүр.
Мамай батыр ауылының тұрғыны Асылбек Зейнолдаұлының буаз биесін ұрылар жайылымда жүрген жерінен атып, жаралап кеткен. Ветеринарлар ішіне қан толған жылқыны союдан басқа шара жоқ екенін айтқан. Ал екінші биені ұрылар сол жерде сойып алған. Жаздан бері тек бір шаруашылықтан оннан астам мал ұрланған.
Асылбек Зейнолдаұлы, Мамай батыр ауылының тұрғыны:
- 9 бас ірі қара кетті. Міне бір жылқыны атып алып кетті. Биені сойды. Көршіміздің қатар жүрген үйірінен бір жылқыны атып алып кетті. Атып алған соң, қарнын ғана қалдырады.
Дәніккеннен құныққан жаман. Ұрылар соңғы кезде қорадағы малды сойып алса, өрістегі жылқы мен сиырды мылтықпен атады. Қаланың іргесіндегі Мамай батыр ауылында екі күннің бірінде ұрлық. Барымташылардың басынғаны соншалық, малды бақташының көзінше алып кетеді.
Жәміш Мағай, Мамай батыр ауылының тұрғыны:
- Машина тұрғанын көрдік. Өзіміздің жерімізде. Балалар малдың ана жағын айдап келгенше, апақ-сапақта 8 бас сиырымызды айдап әкетті. Ол сегіз сиырға бұқа керек болды ма, бір аптадан кейін 2 бұқасымен қосып алып кетті.
Көп асқанға бір тосқан. Ұлан ауданындағы біраз ауылдың малын барымталаған ұйымдасқан топты полиция ақыры ұстады.
Нұркен Көпжасаров, облыстық полиция департаментінің басқарма бастығы:
- Жедел топ күн-түн демей, жүгіріп жүріп қылмыстық топты құрықтады. Біздің ШҚО азаматтары, 25-30 жаста. Олар өздерінің кінәсін мойындап отыр.
Дегенмен ауыл тұрғындары әлі де үрейленіп отыр. Өйткені жазда тағы бір топ ұры ұсталғанмен, ұрлық тыйылмаған. Сондықтан қазір халық малын күндіз-түні күзетуге көшкен. Ал жалпы былтыр аймақта мал ұрлығының 472 дерегі тіркеліп, 63 қылмыстық топ ұсталған.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин