Қарағандының Сахалин ықшамауданы ауызсумен қамтылады. Өңір жаңалықтары
Қарағандының Сахалин ықшамауданында 3 мыңнан астам адам тұрады. Соның тең жартысы 40 жылдай орталықтандырылған ауызсу және кәріз құбырынсыз күн кешті. Биыл мұндағы жеке үйлер аумағына жалпы ұзындығы 9 шақырым су құбыры және 4 шақырымнан астам кәріз құбыры тартылады. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында осы ықшамаудандағы көшелерге жол төселіп, абаттандырылады.
Өскеменде күзге дейін 16 аула және 10 балалар алаңы салынады.
Бұл үшін қала бюджетінен 400 миллион теңгеден аса қаражат бөлінді. Осылайша арамшөп басып, бос тұрған жерлер енді әдемі демалыс орнына айналады. Алдымен 60-70-жылдары бой көтерген көпқабатты үйлердің ауласы жаңартылады.
Елімізде бірер күннен кейін суға түсу маусымы басталады.
Биыл шомылуға рұқсат етілген аумақтардың қатары 700-ден асты. Былтырғымен салыстырғанда едәуір көбейген. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары азаматтарды суға түскенде сақ болуға шақырды. Былтыр су айдындарында 177 адам қаза тапты. Оның 53-і жасөспірім. Ал биылдың өзінде 12 адам суға кетсе, оның 2-еуі бала.