Елімізде газ құбырларын тексеру шарасы жалғасып жатыр
Бұл ретте Астанада төтенше жағдай қызметі, өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылау департаменті, әкімдік қызметкерлерінен жасақталған арнайы жұмыс тобы құрылды. Инспекторлар бір айдан астам уақыт елордадағы газ тартылған тұрғын үйлерді аралап, сараптама жасайды.
Астанада бірер апта бұрын газ резервуары жарылды. Апаттан қойма күзетшісі зардап шегіп, жан сақтау бөліміне жеткізілген.
Қазір елімізде газ құбырларын тексеру басталды. Елордада басталған рейд ақпанның аяғына дейін жүргізіледі.
Мақсат Есмағұлов, Астана қаласы әкімдігінің отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:
- Тексеріс екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңде жерасты резервуарларын, үйдің қасындағы газгольдерлерді тексереміз. Ал екінші кезеңде үйдің ішіндегі барлық газ желісін тексереміз. Жалпы қазіргі заңнамаға сәйкес үйдің ішіндегі газ желілеріне ПИК жауап береді, үйдің сыртындағы желілерге газ таратушы компаниялар жауап береді.
Жалпы Астанада 1 400 жерасты резервуары бар, олар мыңнан астам үйді көгілдір отынмен қамтып отыр. Аулалардағы газгольдерден газ пәтерлерге құбыр арқылы таратылады. Мамандардың айтуынша, құбырлардың басым бөлігі ескірген.
Федор Мордвинки, газ қауымдастығы ұйымының өкілі:
- Ең алдымен газ тарататын ұйым, тұрғындар бәрін қадағалауы тиіс. Кіреберістерде үнемі газдың иісі шығып тұрса, ол туралы хабарлау керек. Жергілікті коммуналдық қызметпен шарт жасасқан компаниялар қиындық туындаса, ол туралы әкімдікке мәлімет беруі тиіс.
Астанада газ баллоны да көп қолданылады. Сондықтан көгілдір отынды лицензиясы бар компаниялардан сатып алған жөн. «Ондай 6 мекеме бар», – дейді мамандар.
Қызылорда қаласында 36 мыңнан астам үй табиғи газға қосылған. Былтыр қалада газдан уланудың 2 дерегі және бір пәтерде газ жарылысы болған. Адам шығыны жоқ. Дегенмен арнайы өтініш түспесе, газ құралдарын тексеру Төтенше жағдайлар мамандарының құзырына кірмейтін көрінеді.
Эльмира Асанова, Қызылорда қаласы ТЖБ аға инженері:
- Табиғи газбен жылытылатын үйлерге абай болу, түнде газды жауып жату, сіріңкелерді оңай жерге қоймауы керек дегендей түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, адам санын алып, қол қою арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз.
Тұрғындар газ жабдықтарының бақылауға алынуын сұрайды.
Ал Өскеменде көпқабатты 94 үй орталықтандырылған газ тарату жүйесіне қосылған. Тұрғындар: «Аулалардағы газгольдер әбден ескірген», – дейді. Соңғы 5 жылда газ жабдығын пайдалану ережесін сақтамау салдарынан 20 өрт дерегі тіркеліпті. Айта кетері, газ жабдығы ережеге сай болмаса, шағын кәсіпкер 50 АЕК, ал орта және ірі кәсіп иелері 100 бен 300 АЕК аралығында айыппұл төлейді.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айдос Меделбеков