Ресейдегі терактіден кейін біраз мемлекет қауіпсіздікті күшейтті
Әлемді дүр сілкіндірген Ресейдегі терактіден кейін біраз мемлекет қауіпсіздікті күшейтті. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің жедел отырысы өтті. Мемлекет басшысы ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған тапсырмалар берді. Беларусь астанасы Минсктегі метрода да қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ал бірнеше рет ДАИШ содырларының жойқын шабуылдарын бастан кешкен Францияда лаңкестік қауіптің ең жоғарғы деңгейі жарияланды. Бұл елде бір-бірімен байланысты бірнеше лаңкестік әрекеттің болу қаупі жоғары екенін білдіреді. Осындай жағдайда құзыретті мекемелерге терактының алдын алу үшін қоғамға зиян келтірсе де, кез келген шара қабылдауға мүмкіндік береді.