Ақтөбелік мемлекеттік қызметшілер еркін жұмыс кестесіне көшті
Өңірдегі кейбір мемлекеттік мекемелері еркін жұмыс кестесіне көшкен. Яғни тәулігіне тиісті 8 сағатты өз еркімен белгілеуге болады. Бұл – мемлекеттік қызметкерлердің жеке өмірі мен отбасына уақыттың жеткілікті болуы үшін қолға алынған шара.
Жаңа жүйе бойынша кесте жасағандардың бірі – Ақмарал Хон. Мемлекеттік қызметке өмірінің 17 жылын арнаған ақтөбелік Әйелдер істері және отбасы-демографиялық комиссиясын басқарады. Жаңа жылдан бастап ол түскі үзілісті қысқартып, кешкілік жұмыстан ерте қайтуды дұрыс деп шешкен. Дер кезінде балабақшадан бүлдіршінін алуға мүмкіндік туған.
Ақмарал Хон, Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы:
- Жарты сағат уақытымызды өте тиімді пайдаланып жатырмыз. Неге десеңіз, баламызды балабақшадан алып, онымен қолайлы ауа райында аулада серуендейміз. Осылай уақытты бірге өткізуге мүмкіндік бар.
Әзірге жаңа жүйе бойынша кесте жасаған он азаматтың дені – әйелдер. Бұрын таңғы сағат 09:00-дан кешкі 18:30-ға дейін жұмыс болатын. Түскі үзіліске бір жарым сағат берілетін. Енді қызметкердің тілегіне сәйкес, түскі үзілісті қысқартуға болады. Яғни бір жарым сағаттың орнына бір сағат түстеніп, кешке жарты сағатқа ерте қайтуға болады. Ал жұмыс уақытынан тыс кезде қызметтік іс-шараларға араласқан жағдайда тиісті ақы тағайындалуы тиіс.
Руслан Мәжитов, Ақтөбе облыстық мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы:
- Үстеме жұмыстарға тартылса, мемлекеттік қызметшілердің жазбаша түрде келісімі болуы керек. Сондықтан үстеме жұмыстарға тартылса, оларға тиісті қосымша ақы төленуі керек немесе демалыс күндері, қосымша сағаттар берілуі мүмкін.
Өткен жылдың қазан айындағы Жолдауында Елбасы мемлекеттік қызметкерлерді шектен тыс үстеме жұмыстарға тартпау қажеттігін баса айтқан болатын. Бұл орайда сауалнама жүргізген құзырлы мекеме өкілдері төрт мыңнан астам ақтөбелік мемлекеттік қызметшінің 70%-ы жұмыс кестесін өзгертуді қажет ететіндігін анықтаған. Сәйкесінше, бұл бастама бойынша жұмыс күнін өзгертетін азаматтардың саны артатыны ақиқат.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков