Павлодарда тұрғын үймен қамтудың жаңа механизмі іске қосылды
Басты мақсат – ипотекалық несиенің қолжетімділігін арттыру. Жаңашыл жүйенің көмегімен алдағы үш жылдың ішінде Павлодарда 33 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек. Нәтижесінде 400-ден астам азамат баспаналы болады.
Динара Исенова – екі баланың анасы. Жолдасымен бірге үш жыл бойы банкте жаңа пәтерге қаржы жинап жатыр. Бір бөлмелі баспана тар болғандықтан жаңа үйден пәтер алмақшы.
Динара Исенова, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Жаңа жоба көңілімізден шықты. Бағдарламаға қатысу үшін қаржылық мүмкіндіктеріміз бар. Жақын арада баспаналы боламыз деген үміттемін.
Екі көпқабатты нысан 150-ге жуық пәтерге шақталған. Баспаналардың жалпы аумағы типтік пәтерлерге қарағанда әлдеқайда кең. Мәселен, екі бөлмелі пәтер 57,3 шаршы метр, ал үш бөлмелісі 80 шаршы метр.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Павлодар қаласының қақ ортасында салынып жатқан тұрғын үйдің орналасқан жері өте қолайлы. Сондықтан болар, қазіргі таңда бұл пәтерлерге қызығушылық танытқандардың қарасы қалың. Бір жағынан сұлу Ертістің табиғатын тамашалауға болса, екінші жағынан Орталық стадионда өтетін байрақты бәсекелерді көруге жақсы мүмкіндік туады.
Данияр Абсаттаров, мердігер ұйым өкілі:
- Құрылыс жұмыстары кесте бойынша жасалып жатыр. Қазіргі уақытта ішкі жұмыстарды істеп жатырмыз. Құрылыстың аяқталуы келесі айда болады. Нысанда 120 адам жұмыс істеп жатыр.
Құрылыс жұмыстарын «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен жекеменшік кәсіпорын қолға алған. Бүгінде төрт бірдей үй бой көтеруде. Биыл 200 пәтер халық игілігіне берілмек.
Абай Кәрімов, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары:
- Жекеменшік фирма жерді бізге мемлекеттік сараптамамен бірге шарт жүзінде берді. Сол арқылы біз кәсіпорын қаражатына салып жатырмыз. Бұл – Павлодардағы бірінші үйлер.
«Өз үйім» бағдарламасы аясында салынған үйдегі бір шаршы метрдің бағасы 165 мың теңгеге дейін. Жаңа жүйе негізінде оларды үлестіруге екінші деңгейлі банк атсалысады.
Талғат Баилов, банк өкілі:
- Бұл салымшылар, құрылысшылар мен екінші деңгейлі банк үшін тиімді. Яғни салымшылардың қажеттіліктеріне орай үй салып береміз. Жылдық ставкасы 7%-дан кем емес. Баспана құнының 20%-ы жиналған жағдайда шартқа сәйкес, пәтерлерді үйлестіреміз.
Облыста баспана алуға ниетті салымшылардың қатары жыл сайын 10 мыңға артуда. Сондықтан жаңа бағдарлама табысты жүзеге асырылады деуге негіз бар.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий