Астанада кәсіпкер жастардың форумы өтті
Олар жаңа бизнес бастамалар мен стартап жобаларды талқылап, жүзеге асыру тетіктерін қарастырды.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Енді жас кәсіпкерге бизнес бастаймын деп қалаға барудың қажеті жоқ. Керісінше ауылыңызда қай бизнесті дөңгелету тиімді, қай сала ақсап тұрғанын ескеру маңызды. Ол үшін мамандар ауыл аралап, жастарға түсіндіру шараларын жүргізіп, ынталандырмақ.
Думан Қыдырбаев, ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы:
- Біздің қауымдастықтың бірінші мақсаты – ауыл жастарымен жұмыс істеу. Өйткені қаланың балаларында мүмкіндік бар. Сондықтан мына селф-мед лидерлар – өздерін өздері жасаған азаматтар. Біз қазір жастарды қолдайтын аудан орталықтарын ашып жатырмыз.
Форум еркін форматта өтті. Көбіне көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдар қойылды. Мысалы Айсәнім Қастеева атакәсіпті жалғастырып, ұлттық нақыштағы киімдер сатпақ ниетте. «Идея бар, тек қаражат жетіспеуі қолбайлау болып тұр», – дейді.
Айсәнім Қастеева, жас кәсіпкер:
- Мысалы менде өте көп идея бар. Сурет саламын. Келесі идеяларды жүзеге асыруым керек, бірақ қаржы жоқ. Сондықтан Үкімет не болмаса ассоциациялар қолдау көрсететін болса, мен әлі көп заттар жасаушы едім.
Мына туындыларды жасау үшін ассоциацияның қаржылай көмегіне жүгінген. Енді ҚХА Балалар шығармашылық студиясын ашып беруді жоспарлауда. Бүгін осы сынды 14 жоба қаралды. Жас кәсіпкерлердің «Бетін қақпай, белін буу» үшін барлық мүмкіндік жасалатыны айтылды. Көрмеге туындыларын әкелгендердің бірі Ернар Нұрмағанбетов сазсырнай ойнап, келушілердің назарын бұйымдарына аударады екен.
Бұл кәсіпкер көпке үлгі. Бизнес ашқанына 3 жыл болған. Мемлекет не береді емес, мемлекетке не беремін дегені тамсандырды. Ол «Қазақ батыры» атты туындыларын алып келіпті.
Ернар Нұрмағанбетов, кәсіпкер:
- Шыны керек бұйымдарды көбінесе шетелдіктер ала бастады. Одан кейін еліміздің тұрғындары келіп, «қыпшақ», «арғын» деп, өз руларын жазып сатуын өтінді. Қазақстанда мұндай туындыларды алғаш жасап шығарғандардың бірі болдым. Жалпы елімізде қалаған кәсіппен айналысуға мүмкіндік бар. Менің жұмысым – менің хоббиім.
«Алма піс, аузым түс» деп қол қусырып отырмай, бизнестің қыр-сырын меңгергендер кәсіптерін өрге оздыруда. Бүгінгі жиынға Тамила Розметова да келді. Атыраулық кәсіпкердің арманы орындалды. Ол енді Астанада алма бағын салатын болды.
Тамила Розметова, жас кәсіпкер:
- Форум біте салысымен Астана қаласының әкімі хабарласты. Жалпы жоба туралы ақылдастық. Негізі бұл алмалар қысқа төзімді. Жылыжайда арнайы өсірілді. Тәжірибе жасадық. Сәтті болды. Енді екі жылдан кейін Астана қаласындағы бақтан алғашқы өнім алуды жоспарлап отырмыз.
Естеріңізде болса, Жастар жылының ашылу салтанатында Тамила Розметова Елбасынан алма өсіру үшін Астана қаласынан жер беруді сұраған еді. Міне еңбектің жемісі. Мақсат орындалды. Мамандар: «Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілгенімен оны дамыту "жас кәсіпкердің өз қолында», – дейді.