«Ұлы дала» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Ол – түрлі тақырыпта қалам тербейтін жас ақын-жазушылар арасындағы дода. Салтанатты шара аясында оның жеңімпаздары марапатталып, оларға қаржылай сыйлық табысталды. «Нұр Отан» партиясы осы жоба арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына тың серпін беруді мақсат еткен.
«Ұлы дала» шығармашылық байқауының атауы да, ауқымы да кең. Ол поэзия, проза, фильмдер мен телесериалдар сценариі, публицистика, балаларға арналған шығармалар аталымында өтті.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Елбасының мақалаларында көтерілген құндылықтарды, идеяларды насихаттау, «Рухани жаңғыруға» өзіміздің үлесімізді қосу – бұл бәріміздің парызымыз. Әсіресе жастардың арасында көп жұмыстар жасалуы керек. Осы себеппен біз Жазушылар одағымен бірігіп «Ұлы дала» шығармашылық конкурсын жарияладық.
Шығармалар қазылар алқасына автордың аты-жөні жазылмаған күйде ұсынылған. Бұл – байқаудың барынша әділ болуы үшін маңызды шарт. Ал үздік туындының иелері бүгінгі марапат кезінде көпшілікке белгілі болды.
Жанат Жаңқашұлы, «Ұлы дала» шығармашылық байқауының бас жүлде иегері:
- Осындай мүшәйра жарияланған соң ұсынғанбыз. Бас жүлде алып, көмбеден бірінші өтіп жатырмыз. Бағалаған болар, қазылар алқасы үлкен рахмет. Руханиятқа бет бұрып, осындай үлкен шара өткізіп жатқан «Нұр Отанға» рахмет.
Төлен Әбдік, қазылар алқасының мүшесі:
- Әдебиет өмірді мақтап, насихаттау үшін емес, өмірдің барлық ішкі қайшылықтарын көрсету үшін керек. Мұқағалидың бір өлеңі бар: «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген туады қайшылықта». Өмірдің қайшылығын көрсетпеген әдебиет үлкен әдебиет болып есептелмейді.
Мамандар байқауға ұсынылған шығармалардың дені бүгінгі қоғамға тартымды, түсінікті, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін туындылар екендігін айтады. Бұл тақырыпқа қалам тербейтін жастардың көптігі де қуантады. 18 бен 40 жас аралығындағы ақын-жазушылардан қазылар алқасының қарауына 400-ден астам еңбек түскен.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Ғани Алшынбаев