Көкпар ойынының халықаралық ережесі бекітілді
Дала ойынының ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. «Төл ойынымыз ендігі жерде әлемдік спорт стандарттарына сай болады», – дейді мамандар. Олай болса семіз серкесіз, олжалы қазандықсыз ойын қалай болмақ?
Мерей Қалиасқар, тілші:
- Көкпарды «Рухы мықты жігіттердің ойыны» деп атайды. Нағыз көкпар – аттың бабын, жігіттің бағын сынайтын дода. Бүгін мен де ата-бабадан мирас болған осынау бір көкпар атты халқымыздың төл мұрасымен жақынырақ танысайын деп келдім.
Ерлан Қанапин 14 жастан бері ат құлағында ойнап, жалға жабысқан жігіттердің арасында дес бермей келеді. Ол жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атты бірден таниды.
Ерлан Қанапин, көкпаршы:
- Әр аттың өз таланты болады. Атты көкпарға салар алдында шілдеге қойып семіртеміз, жілік майын толтырамыз. Сосын мінеміз, аяңдатамыз, дайындаймыз, терін аламыз, суытамыз, қаңтарамыз. Осы секілді біраз жұмыс жасаймыз.
Кейінгі кездері ұлттық спортқа ерекше ден қойылып келеді. Республика көлемінде біріншіліктер ұйымдастырылып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Түркі тілдес халықтардың дәстүрлі ойындары қауымдастығының атауы өзгерді. Енді ол Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығы болып аталады. Бұл туралы қауымдастықтың халықаралық кеңесінде мәлім болды. Оған бас-аяғы 10 елдің өкілі қатысты. Сондай-ақ ұлттық ойынның жаңа ережелері мақұлданды. Атап айтқанда ойын уақыты қысқартылып, серке орнына муляж, ал тайқазан орнына шеңбер қолданылатын болды.
Бекболат Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт федерациясының президенті:
- Мұның бәрі көкпардың насихаты үшін. «Популяризация» дейміз, жалпы бүкіл әлемге тарау үшін. Әлемдік өркениетті деңгейге қарай икемдеу үшін осы нәрсені жасауға мәжбүр болдық. Ал жалпы уақыттың ұсынысын айтқан Өзбекстан тарапынан Нәби Жораев мырза. Ол айтты 20 минуттан екі тайм болса деп, яғни 40 минут.
Көкпардың халықаралық ережесіне хаттама негізінде қатысушы елдердің Ұлттық федерация басшылары қол қойды.
Авторлары: Мерей Қалиасқар, Қанат Әбілдин, Аят Дүйсембаев