«Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде 2030 жылға дейінгі бағдарлама талқыланады
Президент үнемі айтатын осы екі көрсеткіштің орындалуына басқарушы партия «Нұр Отан» бақылауды күшейтпек. Партияның мерейтойлық XVIII съезінің күн тәртібіндегі кейбір мәселелер ұйымның панельдік сессияларында сөз болды.
5 панельдік сессияның бірі «Жалпыға бірдей игілік үшін экономикалық өсім» тақырыбына арналған. Бұл ретте партияның макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарламасы да бар. Онда нақты қадамдар көрсетілген.
Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бағдарламаның негізінде мынадай формула жатыр: экономиканы көтеріп, халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл бағытта әрине, көптеген іс атқарылды. Түрлі бағдарламалар жүзеге асты. Қазір жағдай күрделене түсті. Елбасы осы мәселені жиі айтады. Сол себепті партияның жаңа бағдарламасы нақты 10 мақсатты көздейді. Оның бірі – экономиканы көтеру. Ол үшін қайта өңдеу көлемін, шикізаттық емес экспортты арттыру қажет.
Бұдан былай шикізаттық емес, дайын өнімді экспорттау мықтап қолға алынбақ. Тіпті биылдың өзінде Орталық Азия елдеріне отандық бензин саудалау жоспарланып отыр.
Махамбет Досмұхамбетов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:
- 2018 жылы мұнайды қайта өңдеу 8,6% өсіп, 16,4 млн тоннаға жетті. Биыл оны 17,2 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Былтыр 93,2% бензин өндірілді. Келер жылы 100% жеткізу көзделген. Сондай-ақ биыл сәуір айында отандық бензинді Орталық Азия елдеріне саудалау жоспарланып отыр.
Кәсіпкерлерді үнемшіл технологияларды пайдалануға үйрету
Жиын барысында өңірлерден келген делегаттар өз ойларымен бөлісті. Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Айнұр Бақтығалиева еңбек өнімділігін арттыру мен сапасын арттыруға бағытталған ұлттық бағдарлама енгізуді ұсынды.
Айнұр Бақтығалиева, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер:
- Бұл бағдарлама аясында ұлттық құзыреттілік орталығын құруды ұсындық. Ол жерде мамандарды үнемшіл технологияларды пайдалануға үйретуге болады. Бүгінде бұл құралдар бар әлемде тиімді қолданылып келеді. Оның арқасында шығын азайып, өнімділік артады. Кәсіпкерлер палатасының өкілдері: «Бұл жоба қазір Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласында қолданыла бастады», – дейді. Дегенмен бұны бір ғана емес, барлық салаған енгізу керек деп есептеймін.
Ауылды жерлерде медициналық қызметкерлер тапшы
Ендігі бір өзекті мәселе ол – ұлт саулығы. «Қазір халық арасында денсаулық үшін тек дәрігерлер ғана күресуі керек деген пікір қалыптасқан», – дейді мамандар. Бұл ретте партияның алдағы онжылдыққа арналған бағдарламасы салауатты өмір салтын жүргізіп, кез келген дерттің алдын алуға бағытталған жобаларды дамытуға мүмкіндік бермек.
Алдағы уақытта «В» гепатиті мен жатыр мойнының қатерлі ісігі сынды онкологиялық ауруларға қарсы міндетті вакцинация шарасы енгізілуі мүмкін. Бұл жайлы панельдік сессия барысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Себебі елде қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші азаймай тұр. Тағы сала жетекшісі алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем қызметкерлерінің жалақысын арттыру жайын айтты. Ол үшін биыл бюджеттен 5 млрд 300 млн теңге бөлініпті. «Тағы ауылды жерлердегі маман тапшылығы мәселесі шешіледі», – дейді министр.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Біз биыл да осы медициналық институттарды бітірген мамандарды тікелей жаңа заң негізінде мемлекеттік мекемелерге, маман тапшы ауылдық ауруханаларға жіберіп, 3 жыл жұмыс істеткіземіз.
Жастарға білім беру деңгейін арттыру қажет
Қала мен ауылды жерлердегі білім беру деңгейі туралы Назарбаев Университеті қабырғасында өткен панельдік сессияда айтылды. «Нұр Отан» партиясы елді мекендердегі мектептерге аса көңіл бөлуде.
Бақтияр Мәкен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Білім беру курстары, стипендиялар, мамандандырылған сыныптар, тағы да басқа тиісті шараларды қабылдау. Бізде партия тарапынан жақсы жоба бар. Бұл – 1000 IT сыныптарын ашу.
Партияның алдағы онжылдыққа арналған он қадамының тоғызыншысы жастарға арналған. Бүгінде өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған бірқатар жоба да жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – көптеген қызығушылық туғызған ағылшын тілін тегін үйрету.
Мәди Ахметов, Алматы қалалық «Жас Отан» ЖҚ төрағасы:
- Осы жоба басталғалы қалалық деңгейдегі оқу орнын, университет немесе «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келген жастар шет аймақтардағы және ауыл жастарына ағылшын тілін тегін үйрететін курстар өткізіп жатыр. Ендігі негізгі мақсат – Қазақстан бойынша осы жобаға жастарды көптеп тарту.
Жаңа үлгідегі мемлекеттік аппаратты қалыптастыру
Жаңа үлгідегі мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жайы тағы бір панельдік сессияда талқыланды. Жиынға қатысқандар: «Мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіріп, автоматтандырып, оның сапасын көтеру қажет», – дейді. Осы арқылы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасалуы тиіс. Бұл мәселе БҚО-дағы Круглозерный кенті тұрғындарына жақсы таныс. Облыс орталығынан 20 шақырым жердегі ауылда Халыққа қызмет көрсету орталығы жоқ екен.
Кенесары Нұршинов, БҚО Круглозерный кентінің әкімі:
- Ауылдық елді мекендерге халыққа қызмет көрсету жұмысын атқаратын бір маманды әкімдіктің құзыретіне берсе екен. Бізде интернет, компьютер бар. Сол бағыт бойынша жұмыс жасауға дайынбыз. Себебі бізге әжейлер, аталар, мүмкіндігін шектеулі жандар келеді. Көлік сұрайды. Оларға қалаға қатынау қиын.
Осылайша панельдік сессияларда делегаттар өз ұсыныстары мен мәселелерін ортаға салып қана қоймай, оларды шешу жолдарын да айтты. Енді бұл ұсыныстар «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде талқыға салынатын 2030 жылға дейінгі бағдарламаға енуі тиіс.
Авторлары: Риат Шони, Әлібек Әлиев