Экономистердің валюта бағамына қатысты пікірі екіге жарылды
Ұлттық валюта теңгенің бағамы қандай деңгейде сақталады? Бұл мәселе – қарапайым халық қана емес, ірі бизнес өкілдері үшін де көкейкесті сауал. Қазір жаһандық экономиканың бет алысын ескере отырып, ойын сан-саққа жүгірткен сарапшылар әр түрлі болжам айтып отыр.
Былтыр жыл соңына қарай доллар өскенмен осы айда теңге нығая түсті. Ұлттық банктің мәліметінше, теңгенің долларға шаққандағы бағамы – 376 теңге 17 тиын, рубльге шаққандағы құны – 5 теңге 77 тиын. Қазір дамыған елдердің ақшасының құны туралы болжам айту қиын. Десе де жаһандық экономиканың бет алысы мен саяси оқиғаларды сараптаған экономистер алдымен ішкі маусымдық құбылысты атап көрсетті.
Жангелді Шымшықов, экономист:
- Қазір теңге күшейе бастады. Неге? Өйткені наурыз айы – салық төлейтін мерзім. Салықты теңгемен төлейді, сондықтан теңге нығаяды. Салық төленіп, мерзімі өткеннен кейін теңгеге деген сұраныс бірден төмендейді. Жаз келгенде жұрттың бәрі жан-жаққа, шетелге ұмтылады. Ендеше долларға деген сұраныс ұлғаяды.
Бұл – шетелге баратындар үшін керек мәлімет. «Ал елде теңге бағамы алдағы бір айда құбылмайды», – дейді сарапшылар. Бұл – қалыпты құбылыс. Ел экономикасында бірнеше жылдан бері қалыптасқан үрдіс екенін Ұлттық банк өкілі де құптап отыр.
Айдархан Құсайынов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының кеңесшісі:
- Соңғы бірнеше жылда қалыптасқан маусымдық өзгеріс бар. Теңге бағамы жыл басында күшейеді де, жыл аяғына қарай әлсірейді. Валюта бағамына мұнай бағасы, Ресей рублінің жағдайы ықпал етеді.
Қазақстан табиғи ресурстың халықаралық нарықтағы бағасына тәуелді екені рас. Бұған дейін мұнай өндірісі бойынша үшінші орында болған АҚШ қазір Ресей мен Сауд Арабиясын басып озғалы тұр. Соның есебінен қара алтын арзандауы мүмкін. Ал оның теңгеге қалай әсер ететіні мәлім.
Арман Байғанов, экономист:
- Егер ОПЕК-тің мұнай өндірісін қасқарту туралы шемімі өз ықпалын жүргізе алса, мұнай баррелінің құны 70-80 долларға жетуі де ғажап емес. Ондай жағдайда теңге бағамы күшеюі мүмкін.
Жангелді Шымшықов, экономист:
- Меніңше біз әлі де болса насихат жүргізуіміз керек. Долларға ұмтылысты тоқтату керек. Теңге – біздің тәуелсіздігіміздің көрсеткіші. Тағы да бір фактор бар. Федералдық резервтік қордың базалық ставкасы АҚШ-та көтерілетін болса, теңге ұтысқа шығады. Ұлттық банктің базалық ставкасы 10% дейін келді, соның арқасында теңгені нығаюына жағдай жасауға болады.
Ұлттық банктің инфляция жөніндегі ресми мәліметі де көңілге қонымды. Қазір ол 5,2%, жыл соңына дейін 6% асырылмайды.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Бірақ экономистер осы ретте инфляцияны анықтайтын ең төменгі күнкөріс деңгейін қайта есептеген жөн деп санайды. Қазір елімізде тұтыну себетіне енгізілген тауар тізімін 50-ге жетпейді. 60% азық-түлік, 40% коммуналдық, өзге де қызметтер. Оған күнделікті өмірге қажетті басқа да шығындар қосылуы тиіс деп есептейді экономистер.
Ал тұтыну қоржынын толтыруға келгенде теңгенің қуаты маңызды рөл атқарады. Ұлттық валютаға әсері бар мұнай, рубльдің жайы жаһандық экономикамен байланысты. «Қазір әсіресе Қытай мен АҚШ арасындағы келіссөздер оң нәтиже берсе игі», – дейді экономистер.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Дәурен Жұрхабаев