Әзербайжан мен Қазақстан арасында алыс-беріс артады
Ол үшін биыл Бакуде «ҚазЭкспорт» АҚ өкілдігі ашылады. Сонымен қатар көп ұзамай Қазақстанның сұйытылған газын Әзербайжан арқылы үшінші мемлекеттерге жөнелту жоспары бар. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамалар мұнымен шектелмейді.
Биыл Баку қаласынан қазақстандық тауарлардың экспорттық әлеуетін жақсарту мақсатында «ҚазЭкспорт» АҚ өкілдігі ашылады. Ал Ақтау және Алматы қалаларында Әзербайжан сауда үйлері өз жұмыстарын бастайды. Мақсат – екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Бейбіт Исабаев, Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстанның Батыс өңірінде жылына 400 мегаватқа жуық бос электр қуаты қалады. Каспий теңізінің түбімен қалып отырған электр қуатын да Әзербайжанға экспорттау жағын қолға алып жатырмыз. Алдағы 2-3 жылда 2020-2021 жылдары Шығыс пен Батыстың ортасында тасымалданатын көліктің саны контейнермен есептегенде 3-3,5 есеге дейін өседі деп болжап отырмыз.
Қазақстан Ақтау портын кеңейтіп, Құрық портын салу арқылы Қытай, Әзербайжан, Грузия, одан әрі Түркия мен Еуропа елдерін жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағдарының негізін қалады. Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің тауарларын жедел түрде Еуропаға жеткізудің жолын тапты. Бұрындары жүк тек Ақтау порты арқылы тасымалданатын.
Талех Зиядов, Баку портының бас директоры:
- Қазақстан инфрақұрылымын дамытуға ауқымды күш салды. Бүгінгі таңда Қытайдан тасымалданған контейнерлер бізге Құрық порты арқылы 6 күнде жеткізіледі. Бұрын бұл аралыққа 14 күн кететін. Тасымалданатын тауарлардың 85% транзиттік жүк. Тың инфрақұрылымдық жоба бизнестің дамуына жол ашты.
Ақтау портының әлеуеті 2,5 есеге өсіп, 20 млн тоннаға жуықтаса, Құрық порты арқылы жылына 7 млн тонна жүк тасымалдауға болады.
Заур Мамедов, Баку саясаттанушылар клубының басшысы:
- Қытайдан Еуропаға дейінгі немесе кері бағыттағы ең қысқа жолды Қазақстан ұсынып отыр. Бұл дәліз тек екі ел үшін ғана емес, Қытай, Еуропа және Орталық Азия елдері үшін де тиімді. Уақыт, қаржы, ресурс үнемделгендіктен, тасымалданатын тауарлардың өзіндік құны арзандайды.
2016 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 124 млн доллар, ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша 220 млн доллар болды. Екі жылда шамамен 80% өсім тіркелген. Ал 2020 жылға дейін екі елдің алыс-берісін тағы 2,5-3 есеге өсіру жоспарланып отыр. Негізінен Қазақстаннан Әзербайжанға мұнай және мұнай өнімдері, металл, бидай, теміржол локомотивтері жөнелтіледі.
Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші:
- Алдағы уақытта Қазақстанның сұйытылған газы Әзербайжан арқылы үшінші елдерге экспортталады деп жоспарланған. Каспий екі ел арасындағы алыс-берісті ұлғайтып, табысын арттыруда. Теңіз – транзиттік дәліз ғана емес, туристік нысан, қойнауы толған қазына.
Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Мейрамбек Ақмаханов