Қазақстан-Қатар: Президент сапарының қорытындысы
Инвестициялық құны 18 млрд долларға жуық коммерциялық келісімдер.
Қазақстан мен Қатар мемлекеті ынтымақтастықты дамытудың батыл қадамдарына кірісті. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы мемлекеттік сапары болса да айтарлықтай нәтижелерге қол жетті. Енді мұнай-газ, телекоммуникация, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы мен өзге де салаларға миллиардтаған Қатар капиталы келеді.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Бұған дейін еліміздің экономикасына соңғы 10-15 жылда Қатардан тартылған инвестиция көлемі 75 млн доллар болса, Дохада өткен кешегі 2 күнде игілігін екі ұрпақ көретіндей келісімдер жасалды. Соңғы 30 жылда жоқтан бар жасауды, барды еселеуді үйренген арабтар прагматикалық бизнес салтын ұстанса да, Шығыс халықтарына тән кең қолтық қатынасты ұмытпаса керек. Үйіп-төгіп инвестиция салғалы жатыр.
Бірақ алыс-берісте «алма піс, аузыма түс» қағидаты жүрмейді. Шетел капиталын тарту үшін біраз тер төгуге тура келеді. Сол себепті Инвестициялық дөңгелек үстелге қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев қатарлық бизнес өкілдерін іскерлік байланысқа шақыра отырып, Қазақстан беретін мүмкіндіктерді атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін Жоғары мәртебелі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесу барысында мен алғашқы қадам ретінде екіжақты сауда көлемін жарты миллиард долларға дейін ұлғайтуды ұсындым. Біз Қатар нарығына машиналар, темір, болат, ауыл шаруашылығы өнімдері және басқа да жоғары сапалы тауарларды жеткізе аламыз. Сонымен қатар Қазақстан ЖІӨ көлемі 2,6 триллион доллар болатын Еуразиялық экономикалық одақ нарығына жол аша алады. Біз – Қытаймен шекаралас елміз. Бұл – «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында сауда-саттық жүргізуге жақсы мүмкіндік.
Алмас Темірғалиев, Қазақстан-Қатар Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы:
- Қатарлықтар – басқа бизнесмендерге қарағанда өте жай және тез шешім қабылдамайтын бизнесмендер. Бірақ шешім қабылдаған кезде олар жақсы жақсы инвестиция құяды.
Жақсы инвестиция құюға жедел шешім қабылдау үшін ақша салатын елдің экономикалық әлеуеті мен қазіргі даму көрсеткіштері маңызды. Бұл ретте қазақ лидері сандар мен дәйектер келтірді.
Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 265 млрд долларды құрады. 2029 жылға қарай оны 450 миллиард долларға жеткізу мақсаты тұр. Өткен жылы экономикалық өсім 5,1% жетті. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. 2022 жылы шетелден 28 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылса, сыртқы сауда айналымы 136 миллиард долларға жетті.
Президенттің қатарлық Nebras Power компаниясының басшысы Мұхамед Нассер әл Хаджримен кездесуі тіпті іздегенге сұраған іспетті. Олар Қазақстанда су-энергетика жобасын жүзеге асыруға мүдделі екен. Көпке созбай, Абай облысында қуаты 350 мегаватт гидроэлектр стансысын салу келісіміне қол қойылды. Ал PIH UCC холдингі құны шамамен 11 млрд долларды құрайтын 4 мегажобаны инвестициялау келісімшартын жасады.
Атап айтқанда: Ақтөбе – Қостанай магистральді газ құбыры. Бұл осы атыраптағы тұрғындарды және өндіріс орындарын газбен қамтуға бағытталған. Сондай-ақ еліміздің орталық аймақтарын газбен қосуға бағытталған Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральді газ-құбыры жобасы және Қашаған кен орнында елдің газ ресурстық базасын арттыру мақсатында 2 газ өңдеу зауыты салынатын болды.
Сондай-ақ Қызылорда облысында Pearl Overseas компаниясымен қуаты 1,1 гигаватт бу-газ станасысын салу жөніндегі инвестициялық келісімге қол жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар компанияларын кобальт, литий және басқа да әлем экономикасына қажет аса маңызды шикізат түрлерін өндіру және өңдеу ісіне және мұнай мен газ қорларын барлауға атсалысуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алдағы уақытта Қатардың Қазақстандағы ең ірі 10 инвестордың бірі болуына мүмкіндік мол. Әмірмен кездесуде біз сауда көлемін ұлғайту жөнінде алдымызға жаңа мақсат қойдық. Мұнай мен газды барлау саласы да өте перспективті бағыт саналады. Біз маңызды геологиялық жаңалықтарға ықпал ететін озық әлемдік тәжірибелерді меңгеру үшін жұмыс істеп жатырмыз.
Қазақтелекомның Теле2/Алтел брендтерімен белгілі мобильді активтерінің бірі Мобайл Телеком сервис - Таяу Шығыстағы жетекші конгломерат Power International Holding-ке сатылатын болды. 41 жыл бұрын құрылған қатарлық компанияға Қазақстан таңсық емес.
2022 жылы Power International Астанада халықаралық медициналық кешен салу меморандумына қол қойған болатын. Қатар бизнесі Қазақстанның ауылшаруашылық әлеуетіне қызығады.
2030 жылға қарай қазақ даласында суармалы алқаптар 3 млн гектарға жетеді. Ресурстық әлеует зор, ендігі мүдде – өндірістік кластер. Мәселен, Президент Хассад Фуд компаниясының бидай мен бұршақты терең өңдеу ниетіне қолдау білдірді.
Арман Исағалиев, ҚР Қатар мемлекетіндегі Төтенше және өкілетті елшісі:
- Бидайдың терең өңдеу зауытын ашамыз. Бұл үлкен жоба болып табылады. Болашақта үлкен сұранысқа ие глютен, крахмал деген, өзіміз Қазақстанда өндіретін өнімдерді сыртқа шығарамыз, құдай қаласа, осы зауыттың арқасында. Жаңа өндірістер пайда болады.
Сондай-ақ Lesha Bank пен «Бәйтерек» холдингі арасында қазақстандық банкті сатып алу мүмкіндігі жөнінде алдын ала келісім жасалды.
Айта кетейік, бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар мемлекетіне жасаған алғашқы мемлекет сапары. 2 күндік кездесулердің нәтижесін қатарлықтар өзі стратегиялық деңгейге көтерудегі батыл қадам деп бағалады.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Еділ Ермекбаев, Дулат Ентебеков