Каспий жағалауы туризм орталығына айналады
Жағажай туризмін дамыту бағытындағы жоба да сәтті жүзеге асырылып жатыр. Облыста көлік логистикасын дамытуға да ден қойылған. Жыл соңына қарай Құрық портынан Иран мен Түрікменстан елдеріне жүк тасымалдана бастайды. Биыл 2,5 млн тонна жүк өткізу жоспарланып отыр.
Екі жыл бұрын іске қосылған қазақтың екінші теңіз порты еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізіп келеді. Айлақтан Қазақстанның ғана емес, Қытай мен Орталық Азия елдерінің тауарлары Еуропаға тасымалданып жатыр. Портта екі бірдей теміржол айлағы жұмыс істеп тұр. Әрқайсысы тәулігіне 50 вагон жүк сиятын төрт бірдей алып кемені қабылдап, жөнелте алады. Құрық портында автомобиль айлағы бар. Ол жылына 20 мың көлікті қабылдауға қауқарлы. Қазір жаңа портта 300-дей адам еңбек етеді.
Азат Балықбаев, экспедиторлық бөлімінің маманы:
- Осында жолаушылар мен жүргізушілердің құжаттарын рәсімдейміз. Бүкіл жұмыс автоматты түрде жүргізіледі. Осындай таза әрі әдемі ғимаратта отырамыз.
Тоғыз жолдың торабында тұрған өңірде туризм саласын дамытуға да зор мүмкіндік бар. Еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің үштен бірі осы өңірде орналасқан. 13 мың ескерткіш бар. Оларды шетелдік және отандық саяхатшыларға таныстыру үшін ТМД аумағындағы алғашқы «Геобақ» құрылмақшы. Қонақтар Маңғыстауда ғана кездесетін Сұлтан үпі, Шақпақ ата сынды жерасты мешіттері, шар тәріздес алып тастар, қазба жұмыстары жүріп жатқан ежелгі қала орындарын тамашалай алады.
Гүлмира Сүйеуова, облыстық Туризм басқармасы басшысының орынбасары:
- Біз ЮНЕСКО-ға «Геобақ» құру туралы өтініш тастадық. Аймақта ашық аспан астындағы мұражайды құруға қажеттінің бәрі бар. Қайталанбас табиғат пен тарихи ескерткіштері бар «Геобақ» Түпқараған және Маңғыстау аудандарының аумағын қамтиды.
Былтыр облысқа 200 мыңдай саяхаттаушы келген. Оның тең жартысы көк теңізге түсіп, жұмсақ құмды жағалауда демалған. Ал 7 жылдан кейін Маңғыстауға келетін туристер саны 750 мыңға жетеді деген болжам бар. Жергілікті билік мұндай жетістікке теңіз жағалауын дамыту жұмыстарының арқасында қол жеткізбек. Былтыр бұрын-соңды болмаған ірі жобалар жүзеге асырылды. Теңіз жағасындағы жартастарды жағалай 1,5 шақырым жерге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Мұндағы үңгірлер абаттандырылды. Биіктігі 8, ені 70 метр болатын алып дала сахнасы бой көтерді.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Жақында Ақтауда биік пальмалар пайда болды. Жасанды пальманың биіктігі – 11 метр. Жазға дейін мұндай тропикалық ағаштардың жүз данасы орнатылады. Жағалауда сондай-ақ аңыздар алаңы ашылған. Мұнда Аққу, Суын айғыр, Түйе қыз сынды сәулет мүсіндері қойылған. Бұл жұмыстар – «Теңіз жағалауын абаттандыруға бағытталған» жобасының бір бөлігі ғана.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев