Әлемдік музыка өнерінің өкілдері астаналықтарға керемет кеш сыйлады
«Музыкалық өнер жауһарлары» концертіне келушілердің көп болғаны сонша, «Астана Опера» залында ине шаншыр жер болмады. Ал концерттің жауһары Мария Мудряк алдағы жоспарымен бөлісті.
«Астана Опера», сосын Ресейдің Үлкен театры, әрі қарай Бейрут, Аустрия. Мария Мудряктың жұмыс кестесі алдын ала бір жылға жоспарланып қойылған. Қазақстанға жиі келе бермейді. Ал келе қалса, оның концерті елді елең еткізбей қоймайды. Сондықтан 1 250 адамға арналған залда бір бос орын болған жоқ.
Әдетте операда кәсіби әншінің мансабы 28-30 жаста басталады. Бірақ бұл қағиданы Мария Мудряк жоққа шығарды. Алдағы сәуір айында 25 жасқа енді толатын әншіні әлем танып үлгерді, ал оның талантын опера мэтрлері әлдеқашан мойындап қойған.
Мария Мудряк, «Астана Опера» солисі:
- Өткен кезең мен үшін оқиғаға толы болды. Үлкен театр сахнасына алғаш рет шықтым, Германияда дебютім өтті. Бейжіңде «Травиатаны» орындадым, қытай жұрты өте үлкен қошеметпен қарсы алды. Пласидо Домингомен бірге өнер көрсеттім. Бұл сәт әрине, менің жүрегімде мәңгілік сақталады. Болашаққа да жоспар көп.
Павлодар, Милан. Оның тағдырын кейбіреулер ертегіге ұқсатар, бірақ сол ертегінің артында ерен еңбек жатыр. 12 жасында «Болашақ» бағдарламасының түлегі атанған ол небәрі 18 жасында Джузеппе Верди атындағы Милан консерваториясын аяқтады. Сөйтіп жоғарғы білімі бар әлемдегі ең жас опера әншісі атанды. Көмейіне бұлбұл ұялаған әнші 10 жылдан астам операның отаны Италияда тұрады. Бірақ Қазақстаннан ешқашан бас тартқан емес.
Мария Мудряк, «Астана Опера» солисі:
- Мен Қазақстанның имиджі үшін үнемі үйреніп келем, өсіп келем. Менің отандастарым, менің жүрегіме ең жақын аудитория, сондықтан уақытым болып жатқанда «Астана Опера» сахнасына шығып тұрамын. Туған жеріңді жүрегіңнен алып тастай алмайсың, ол үнемі менімен бірге. Қазақстан халқына, Мемлекет басшысына үлкен рахметімді айтқым келеді. Біздің мемлекет талантты адамдарды үнемі қолдайды.
Ауа температурасының күрт өзгеруі даусына әсер етпей қоймайды. Бірақ туған Қазақстанның аудиториясы үшін әнші барын салды, оның үстіне сахнада Медет Шотабаев секілді серігі тұрғанда сенімді бола түседі.
Медет Шотабаев, «Астана Опера» солисі:
- Әрине, мен өнерімен таныспын. Бір кезде Мария осы жерде «Травиата» операсын орындаған. Сонда мен тыңдаушы болдым.
Сопрано мен тенор. «Астана Опера» сахнасында үйлесті. Мария Мудряктың тыңдаушылары үшін тағы бір жағымды жаңалық. Әнші 19 сәуірде осы сахнада өтетін Джакома Пуччинидің «Богема» операсының премьерасына шақырады.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әліби Жүніс